АҚШ-тағы шабуылдан қаза тапқандар саны 15 адамға жетті
35 адам жарақат алды
Жаңа Орлеан қаласында Жаңа жыл түні көлікпен жасалған шабуылдан 15 адам қаза тауып, 35 адам жарақат алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ВВС агенттігіне сілтеме жасап.
«Бурбон-стрит көшесінде Жаңа жылды атап өтіп жатқан адамдарға белгісіз жүргізуші көлікті жоғары жылдамдықпен айдап кірген. Көлік адамдарды басып өткеннен кейін, жүргізуші көліктен шығып, оқ ата бастаған. Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері оған жауап ретінде оқ атты. Қарулы қақтығыс барысында екі полиция қызметкері жарақат алды», — деп жазады басылым.
Полиция шабуылдаушының адамдарды қасақана басып, барынша көп зиян келтіруге тырысқанын мәлімдеді. АҚШ-тың Федералды тергеу бюросы (ФБР) бұл оқиғаны террористік акт ретінде тергеп жатқанын хабарлады. Алғашқы мәлімдемелерде ФБР өкілдері бұл оқиғаны терроризммен байланыстырмағандарын айтқан болатын.
Оқиға орнында құқық қорғау органдарымен қақтығыс кезінде күдікті Шамсуд Дин Джаббар атыс барысында көз жұмғаны белгілі болды.