АҚШ-та жаңа жыл түні қалың топты көлігімен жаншып өткен адамның аты-жөні анықталды
Оқыс оқиғадан кем дегенде 36 адам жарақат алды
АҚШ-тың Жаңа Орлеан қаласында белгісіз біреу жаңа жыл түні қала орталығына жиналған қалың жұртты көлігімен жаншып өтті. Кемінде 10 адам қаза тауып, 36-сы жараланды. Бұл туралы Azattyq Rýhy BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды.
Көлік жоғары жылдамдықпен Бурбон көшесінде жаңа жылды тойлауға жиналған жұртты қағып өткен, жүргізуші бұл әрекетімен тоқтамай, көлігінен түсе сала айналасына оқ жаудырған. Маңайда жүрген полиция да қарсы оқ атты. Қақтығыс кезінде екі полиция қызметкері жараланды.
ФБР оқиғаны теракт деп тергеп жатқанын айтты. Алайда бірден мұндай қорытынды жасалған жоқ, бюро өкілдері бұл оқиғаны теракт деп санамайтындарын айтты.
Кейінірек ФБР күдіктінің аты Шамсуд-Дин Джаббар екенін және оның көлігінен (жалға алынған болуы мүмкін) террорлық топтың туы табылғанын ресми хабарлады.
Сондай-ақ полиция мәлімдемесінде 42 жастағы ер адамның атыс кезінде оқ тиіп, қаза тапқаны және оның Техас штатында тұратын АҚШ азаматы екені айтылған.
Оқиға орнынан қолдан жасалған жарылғыш заттар, сондай-ақ атыс қарулары табылды, деп хабарлады ФБР.
Қайғылы оқиға жергілікті уақыт бойынша шамамен түнгі сағат 3-те болды, бұл уақытта жұрт Жаңа жылды тойлап жатқан.
Оқыс оқиғадан кем дегенде 36 адам жарақат алды.
«Бүгін таңертең Бурбон көшесінде жантүршігерлік зорлық-зомбылық әрекеті болды. Бұл маңайға жақын жүрген кез келген адам басқа жаққа кеткені жөн», - деп жазды Луизиана губернаторы Джефф Лэндри X желісінде.