Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады
Президент жылан жылы елімізде бірнеше айтулы оқиға болатынын атап өтті
Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа жылдық құттықтау барысында айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Президенттің айтуынша, келесі жылы елімізде бірнеше айтулы оқиға болады. Біз Ұлы Жеңістің 80 жылдығын лайықты атап өтеміз. Ата Заңымыздың және Қазақстан халқы Ассамблеясының отыз жылдық мерейтойларын жоғары деңгейде өткіземіз. Сондай-ақ ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойын лайықты атап өтуіміз керек.
«Мен алдағы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияладым. Бұл – еңбек адамдарына деген ерекше құрметтің белгісі. Біз отаншылдық, еңбекқорлық және біліктілікке айрықша мән береміз. Дәл қазір мерекеге қарамастан мыңдаған отандасымыз жұмыс істеп жатыр. Олардың арасында шекарашылар, дәрігерлер, тәртіп сақшылары, құтқарушылар мен өрт сөндірушілер, өндіріс басындағы мамандар және басқа да азаматтар бар. Мұны өз ісіне деген адалдықтың нағыз үлгісі деуге болады. Мен бүкіл халқымыздың атынан Сіздерге шынайы ризашылығымды білдіремін. Шетелде білім алып жатқан немесе жұмыс істеп жүрген азаматтарымызға амандық тілеймін!», - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.