$ 527.3  544.86  4.95
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Ақтаудағы ұшақ апаты: халықаралық сарапшылармен алғашқы жиын өтті

Оған 17 халықаралық сарапшы қатысты

Ақтаудағы ұшақ апаты: халықаралық сарапшылармен алғашқы жиын өтті
Фото: Көлік министрлігі

Ақтаудағы ұшақ апатын тергеу бойынша Халықаралық сарапшылармен алғашқы жиын өтті. Комиссия жұмысының басты мақсаты – апаттың себептерін анықтап, болашақта осындай жағдайлардың алдын алу үшін ұсыныстар әзірлеу, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Көлік министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Комиссияны ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев басқарады. Тергеу жөніндегі уәкілетті тұлға, комиссия төрағасының орынбасары – Көліктегі оқиғалар мен инциденттерді тергеу департаментінің директоры Нұржан Малаев. Министрлік комиссиясы Үкімет комиссиясының құрамына кіреді, оның төрағасы – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін Марат Қарабаевтың төрағалығымен штабта 17 халықаралық сарапшының қатысуымен жиын өтті. Жиында комиссияның жұмыс жоспары бекітілді.

«Комиссия оқиға орнына толық құрамда барады, әуе кемесінің элементтерін жинау үшін арнайы ангарды тексереді және әуе кемесінің бөлшектерін жинауды бастау күнін бірге анықтайды» – делінген хабарламада.

Көлік министрлігінің комиссиясы авиациялық апаттың нақты себептерін анықтап, осындай қайғылы оқиғалардың қайталануына жол бермеу мақсатында нақты ұсыныстар дайындауды көздейді.

Серіктес жаңалықтары