Әлемде 473 миллион бала қақтығыс аймақтарында өмір сүріп жатыр – ЮНИСЕФ
Ұйым 2024 жыл балалар үшін ең ауыр жылдардың бірі болғанын айтты
БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) 2024 жылдың қақтығыстар мен зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балалар үшін ең ауыр жылдардың бірі болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ЮНИСЕФ-тің мәліметінше, қақтығыс аймақтарында тұратын немесе зорлық-зомбылықтың салдарынан үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған балалар саны рекордтық деңгейге жеткен.
«Бүгінде әлемде әрбір алтыншы бала – 473 миллион бала – қақтығыс аймақтарында өмір сүріп жатыр. Бұл 1990 жылдармен салыстырғанда екі есе көп. 2023 жылдың соңына қарай 47,2 миллион бала үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған, ал 2024 жылы бұл көрсеткіш Гаити, Ливан, Мьянма, Судан және Палестинадағы зорлық-зомбылықтың күшеюіне байланысты одан әрі өскен», — делінген баяндамада.
ЮНИСЕФ-тің атқарушы директоры Кэтрин Рассел 2024 жылды балалар үшін ең қайғылы жылдардың бірі деп атады.
«Қақтығыс аймағында өсіп келе жатқан бала мектепке бару мүмкіндігінен, толыққанды тамақтану мен қауіпсіз үйден айырылуы мүмкін. Бұл қалыпты жағдайға айналмауы керек. Біз балалардың соғыс алдында дәрменсіз құрбан болуына жол бермеуіміз қажет», – деді Рассел.
2023 жылы БҰҰ балалардың құқықтарының 32 990 өрескел бұзылуын тіркеген. Бұл мониторинг жүргізу тарихындағы ең жоғары көрсеткіш. Ал 2024 жылғы мәліметтер толық емес болғанымен, жағдайдың одан әрі нашарлағаны байқалады. Мыңдаған бала Газа секторында қайтыс болды немесе жараланды, ал Украинада 2024 жылдың алғашқы тоғыз айында зардап шеккен балалар саны 2023 жылмен салыстырғанда артып отыр.
ЮНИСЕФ сарапшылары 2024 жылды ұйым тарихындағы ең қиын жылдардың бірі деп бағалап, бұл жағдайдың балалар өміріне қатты әсер еткенін атап өтті.