$ 525.11  546.74  4.88
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Биыл Шымкентте ең ірі көлемде пара алған кім?

Сот шешімімен шенеунік кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды

Биыл Шымкентте ең ірі көлемде пара алған кім?
Фото: © istockphoto.com

Шымкентте биыл тіркелген ең ірі пара көлемі 10 миллион теңгені құрады. Бұл соманы Түркістан облысы Цифрландыру департаменті басшысының міндетін атқарушысы мемлекеттік сатып алу келісімшарттарын бекітіп, орындалған жұмыстар актісіне кедергісіз қол қою үшін мердігер ұйымдардан алған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Otyrar-ға сілтеме жасап.

Шымкент қаласы Антикор басшысының орынбасары Рүстем Танабаевтың айтуынша, қылмыс мегаполисте жасалғандықтан, бұл іс жергілікті сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің назарында болды. Тергеу барысында пара сомасы 10 миллион теңгені құрағаны анықталды, ал қызмет көрсету келісімшартының жалпы құны шамамен 280 миллион теңге болған.

Сот шешімімен шенеунік кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

Осы жылдың 11 айында  108 сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркелген. Оның 52-сі – парақорлық, 32-сі – ұрлық, қалғандары алаяқтық пен қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану деректері. Жалпы, биыл сыбайлас жемқорлық әрекеттері үшін 71 адам сотталған, олардың 49-ы мемлекеттік органдардың қызметкерлері.

«Сыбайлас жемқорлық ең көп тіркелген салалар қатарында: көлік бақылауы, денсаулық сақтау, құқық қорғау органдары, білім беру, әлеуметтік қамтамасыз ету, спорт, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, цифрландыру, салық, экология, жер мәселелері, мәдениет және құрылыс бар. Мысалы, көлік бақылау саласында инспекция қызметкерлері ауыр жүк көліктерінің еш кедергісіз жүруі үшін пара алған. Бұл фактілер анықталып, инспекция қызметкерлері мен пара берушілер жауапкершілікке тартылған», - деді Рүстем Танабаев.

Айта кетейік, мемлекеттік сатып алуларды тексеру барысында антикоррупциялық қызмет 6 миллиард теңгеден астам қаржы үнемдегенін де хабарлаған.

Серіктес жаңалықтары