Дәрігерлер Ақтаудағы ұшақ апатынан зардап шеккендердің жағдайы туралы айтты
Олар алты адамның жағдайы тұрақталды дейді
Ақтауға жақын маңда болған ұшақ апатынан зардап шеккен алты адамның жағдайы тұрақталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Қазіргі уақытта Маңғыстау облыстық көпсалалы ауруханасында алты пациент ем қабылдап жатыр. Төртеуі реанимацияда, екеуі травматология бөлімінде. Науқастардың жағдайы бірқалыпты: бір пациент вазопрессордан алынып, ал екінші пациентке арналған дәрілік тонустық препараттардың мөлшері үш бірліктен біреуге дейін азайтылды», — делінген хабарламада.
Қырғыз Республикасымен үш науқасты, оның ішінде екеуін тасымалдау мәселелері талқыланып жатыр. Екі пациенттің жағдайы тасымалдауға жарамды, ал біреуі ауыр жағдайда, жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.
Әзербайжаннан келген екі пациентті эвакуациялау үшін дәрігерлер консилиумы өткізіліп, олардың тасымалдауға дайындығы бағаланады.
«Ақтау әуежайына жақын жерде болған ұшақ апатынан 29 адам зардап шеккен болатын. Оның 27-сі Маңғыстау облыстық ауруханасына жеткізілді. Пациенттердің жарақаттары әртүрлі, соның ішінде жабық бас сүйек-ми жарақаттары, ми шайқалуы, кеуде қуысының жабық жарақаттары және травматикалық шок бар», — делінген хабарламада.
Оқиға орнына алғашқы 10 минут ішінде 22 жедел жәрдем бригадасы мен апат медицинасы орталығының 6 бригадасы келіп жетті. Дәрігерлердің жедел әрекеті мен науқастарды дұрыс сұрыптауының арқасында барлық 29 адамның жағдайын тұрақтандыру мүмкін болды.
Зардап шеккендерге қарапайым азаматтар да көмек көрсетті. Ел бойынша 1,5 мыңнан астам адам 800 литрден астам қан тапсырды. Тек Ақтауда донорлық орталықтарға 490 адам, Астанада — 600-ден астам, Шымкентте — 125, Ақтөбеде — 109, Жетісуда — 49, Қарағандыда — 40, Шығыс Қазақстанда — 34 адам жүгінді.
Денсаулық сақтау министрлігі медициналық қызметкерлерге көмектесіп, қан тапсырған барлық азаматтарға алғысын білдіреді.
«Сіздердің қолдауларыңыз науқастардың өмірін сақтап қалуға үлкен үлес қосты», — делінген ведомство хабарламасында.