Ақтаудағы ұшақ апаты: Бразилиядан келген мамандар тергеу жұмыстарын бастады
Министрлік мәліметінше, тергеу комиссиясының штабында кеңес өтті

Ақтау маңында болған әуе апатын тергеуге Бразилияның Авиациялық оқиғаларды тергеу және алдын алу орталығының (CENIPA) мамандары келді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР Көлік министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министрлік мәліметінше, тергеу комиссиясының штабында кеңес өткен. Жиын барысында қазақстандық және бразилиялық мамандар оқиға орнында бірлесіп атқаратын міндеттерді анықтады.
«Тергеу комиссиясының штабында өткен кеңесте тараптар бірлескен жұмыс жоспарын талқылап, нақты міндеттерді айқындады», — делінген ресми хабарламада.
CENIPA — азаматтық авиациядағы әуе апаттарын тергеу және алдын алу бойынша уәкілетті орган. Оның мамандары халықаралық тәжірибе мен стандарттарға сәйкес тергеу жүргізуге жауапты.
Айта кетсек, бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтау маңындағы әуе апатына байланысты жедел кеңес өткізген болатын. Мемлекет басшысы апаттың себебін анықтау үшін жан-жақты тергеу жүргізуді тапсырды.