Шымкентте балалардың мүгедектігін рәсімдеу үшін ата-аналардан пара алғандарға айыппұл салынды
Олар балалардың мүгедектігін заңсыз ұзарту үшін 500 мың теңге пара алған
Шымкентте балалардың мүгедектігін рәсімдеу үшін ата-аналардан пара алған екі мемлекеттік қызметкерге айыппұл салынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты әлеуметтік сараптама бөлімінің міндетін атқарушы басшысы мен №12 емхананың медбикесіне қатысты қылмыстық істі қарауды аяқтады. Оларға пара алу және жемқорлық схемаларына делдалдық жасау айыбы тағылды.
«Әлеуметтік сараптама бөлімінің басшысы балалардың мүгедектігін заңсыз ұзарту үшін 500 мың теңге пара алғаны анықталды. Ал медбике бұл параны ата-аналардан алып, басшыға жеткізген. Оған ҚР ҚК 368-бабының 2-бөлігі (қызметтік жағдайды пайдаланып пара алуға делдал болу) бойынша айып тағылды», — делінген хабарламада.
Екі айыпталушы да кінәсін мойындап, шын жүректен өкініш білдіріп, бас бостандығынан айыруға қатысы жоқ жаза тағайындауды сұрады.
«Сот шешімінде әлеуметтік сараптама бөлімінің басшысының кәмелетке толмаған балалары бар екені ескерілді. Медбикенің де жеңілдететін жағдайлары назарға алынды. Айыпталушылардың әрекеттерінде ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ», — делінген сот хабарламасында.
Сот үкімімен әлеуметтік сараптама бөлімінің басшысына 23 333 333 теңге, ал медбикеге 10 000 000 теңге айыппұл салынды.