Қазақ ұлттық университетінің құрылғанына 90 жыл толуына орай салтанатты жиын өтті
Ерлан Қарин жиында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің құрылғанына 90 жыл толуына орай өткен салтанатты жиынға қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Басқосуға іргелі білім ордасының профессорлық-оқытушылық құрамы, студенттері, түлектері және университетпен серіктестік орнатқан шетелдің жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты.
«Ерлан Қарин жиында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді. Хатта Мемлекет басшысы университеттің мерейлі белесі ұлттық ғылым және тұтас білім беру жүйесі үшін айтулы оқиға екенін атап өткен. ҚазҰУ – еліміздегі алғашқы университеттердің бірі. Халықаралық рейтингтерге сәйкес білім ордасы қазіргі таңда Орталық Азия елдерінің жоғары оқу орындары арасында көш бастап тұр, ал оның түлектері еліміздің өркендеуіне зор үлес қосты», — делінген хабарламада.
Мемлекеттік кеңесші өз сөзінде университет ұжымын, студенттерін жәнетүлектерін мерейтоймен құттықтады. Ол әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің айрықша рөлін, сондай-ақ оның Алматының және білім беру саласының әйгілі брендтерінің бірі екенін атап өтті.
Білім ордасының ректоры ЖансейітТүймебаев өз кезегінде оқу орнының ғылыми-зерттеу бағытындағы, инновация саласындағы жетістіктері, студенттер қалашығының дамуы, университеттің алдағы жоспары туралы баяндап берді.
Салтанатты іс-шарада университет қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар табысталды, жас ғалымдарға пәтер кілті берілді, оқу ордасының тарихы мен жетістіктері туралы деректі фильм көрсетілді. Сондай-ақ шығармашылық ұжымдар, қазақ эстрадасы мен операсының әйгілі орындаушылары қатысқан мерекелік концерт өтті.