$ 518.31  567.96  6.03
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қазақстан-Қытай сауда байланысы: отандық кәсіпкерлерге қандай мүмкіндіктер жасалды

Сауда байланысы еліміздің экспорттаушылары үшін жаңа өткізу нарықтарына жол ашады

Қазақстан-Қытай сауда байланысы: отандық кәсіпкерлерге қандай мүмкіндіктер жасалды
Фото: Ақорда; Фотоколлаж: «Егемен Қазақстан»

Еліміздің көлік-транзит әлеуетін арттыру бағытында айтарлықтай жетістіктер бар. Мысалы, президент 28 ақпанда телекөпір арқылы Қытайдың Сиань қаласындағы Көлік-логистика орталығын ашты. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» басылымында жарияланған ҚР президентінің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Берік Уәлидің мақаласында айтылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сиань – Қытайдың тораптық транзиттік орталығы және ең ірі құрғақ порт орналасқан қаласы. ҚХР мен Еуропа Одағы арасына қатынайтын контейнерлік пойыздардың 40 пайызына жуығы осы жерден жөнелтіледі.

Сиань құрғақ портындағы қазақстандық терминалдың жобалық қуаты жылына – 66,5 мың ЖФЭ (жиырма футтық эквивалент). Терминал еліміздің экспорттаушылары үшін жаңа өткізу нарықтарына жол ашады, жүктерді жеткізу мерзімін едәуір қысқартады және Қазақстанның Еуразиядағы сенімді транзиттік хаб ретіндегі позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.

3 шілдеде Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша жүк көліктері мен теміржол контейнерлерін жөнелту рәсіміне телекөпір режімінде қатысты. Қытай – Қазақстан – Каспий теңізінің акваториясы – Әзербайжан – Грузия арқылы өтіп, әрі қарай Еуропа елдеріне баратын Транскаспий халықаралық көлік бағыты уақыт жағынан да, экономикалық тұрғыдан да тиімді көлік жолына айналады.

Сонымен қатар Өзбекстанмен арадағы көлік-транзит мүмкіндіктерін кеңейту және Трансауған теміржолы бағытын дамыту жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.

Бұдан бөлек, елімізде 1,4 мың шақырым теміржол жөндеуден өтіп, 12 мың шақырым автокөлік жолы салынып жатыр. «Талдықорған – Өскемен», «Қарағанды – Алматы», «Ақтөбе – Атырау – Астрахан» жолдарының халықаралық талаптарға сай жаңғыртылуы еліміздің өңіраралық байланысы мен транзиттік әлеуетін айтарлықтай арттыра түседі.

Осы орайда Мемлекет басшысының тапсырмасымен Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары қаншама жылдан бері күткен Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір құрылысы аяқталғанын айта кеткен ләзім. Бұл Марқакөл, Күршім аудандарының облыс орталығымен байланысын жеңілдетті. Бұған дейін аталған аудандардың халқы паром арқылы қатынап келген еді.

Еліміз жол инфрақұрылымына халықаралық даму институттарынан мол қаржы тартып отыр. Атап айтқанда, Дүниежүзілік банк Көлік жолдарының орнықтылығы мен байланысын жетілдіру бағдарламасы (TRACE) аясында атқарылатын қазақстандық жобаға 650 млн доллар бөлу жөнінде шешім қабылдады. Бұл қаржы Орта дәліздің әлеуетін арттыруға, соның ішінде «Жезқазған – Қарағанды» автомагистралін күрделі жөндеуден өткізуге жұмсалады. Сондай-ақ Азия даму банкі «Қызылорда – Жезқазған» жолының құрылысын жүргізуге 300 млн доллардан аса қаражат бөлді.

Серіктес жаңалықтары