Павлодарда өртенген пәтерден зейнеткердің денесі табылды
Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр
Павлодарда көпқабатты үйдегі пәтерден өрт шығып, зейнет жасындағы ер адам қайтыс болды. Бұл туралы Павлодар облыстық ТЖД баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ТЖД мәліметінше, пәтерде үй заттары, жиһаз бен ағаш еден өртенген. Өзге пәтерлердің тұрғындары далаға өз бетімен шыққан.
Өртті сөндіру барысында құтқарушылар отқа оранған пәтерден 1959 жылы туған ер адамның денесін тапты.
«23 желтоқсан күні сағат 04.49-да Павлодар қаласындағы Рылеев көшесінде орналасқан көпқабатты үйде өрт шыққандығы туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер үш бөлмелі пәтерде үй заттары, жиһаздар мен ағаш еденнің жанып жатқанын анықтаған. Өрттің аумағы 4 шаршы метр болды. Өрт орнынан 17 ересек және 3 бала өз бетінше эвакуацияланды. Өрт сөндірушілердің сүйемелдеуімен тағы үш тұрғын далаға шығарылды», - делінген ТЖД хабарламасында.
Тілсіз жауды сөндіруге төтенше жағдай департаментінің күштері мен құралдары тартылды. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.