Павлодар облысында ұшақты жүк көлігімен тасымалдаған азаматқа айыппұл салынды
Ол ұшақты қажетті рұқсат құжаттарсыз тасымалдаған

Павлодар облысында ұшақты МАЗ жүк көлігімен тасымалдаған тұрғынға айыппұл салынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жергілікті Pavlodarnews.kz порталының жазуынша, ұшақты тұрғын аукционда жеке мақсаттар үшін сатып алған.
Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті түсіндіру жұмысы және байланыс орталығы басқармасының мәліметінше, ведомство қызметкерлері ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметімен бірлесіп, қос мақсаттағы тауарды АН – 2Т әуе кемесін тасымалдау фактісін анықтады.
«Ресей Федерациясының Омбы облысымен шекарасы, «Амангелді» автомобиль өткізу пунктінде «МАЗ 54323» маркалы көлік құралын тексеру барысында бағалау құны – 1 800 000 ресей рубль, салмағы 3 тонна 600 кг болатын АН-2Т ұшағын тасымалдау фактісі анықталды. Шекарадан өту кезінде өзіндік ерекшелігі бар тауарларды сәйкестендіру туралы қорытынды болған жоқ. Яғни, өзіндік ерекшелігі бар тауар азаматтық мақсаттарда да, әскери мақсаттарда да қолдануға жатқызылуы мүмкін», – дейді экспорттық бақылау бөлімінің басшысы Мақсұт Қаңтарбаев.
Ұшақты қажетті рұқсат құжаттарсыз тасымалдаған азаматқа қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 463-бабының 1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық материалдары сотқа жіберілді.
Павлодар облысы Ертіс аудандық сотының қаулысымен азамат кінәлі деп танылып, 55 мың теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынды.