Тоқаев Германия Президентіне көңіл айтты
Магдебург қаласындағы жәрмеңкеде жантүршігерлік оқиға болған еді

Мемлекет басшысы Германия Президенті Франк-Вальтер Штайнмайерге көңіл айту жеделхатын жіберді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қасым-Жомарт Тоқаев Магдебург қаласындағы жәрмеңкеде орын алған жантүршігерлік оқиға салдарынан бірнеше адамның қаза табуына байланысты Германия Федеративтік Республикасының Федералдық Президенті Франк-Вальтер Штайнмайерге көңіл айтты.
«Достас герман халқының ауыр қайғысына ортақтасып, еліміздің және өз атымнан марқұмдардың туған-туыстарына көңіл айтамын. Сондай-ақ зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіремін», — деп жазылған жеделхатта.
Еске салсақ, Германияның Магдебург қаласындағы Рождество жәрмеңкесінде болған қайғылы оқиға елді дүр сілкіндірді. Арнайы жалданған автокөлік жәрмеңке аумағында адамдар тобын басып өтіп, нәтижесінде кем дегенде 11 адам қайтыс болып, 80-ге жуық адам жарақат алды.