Қазақстан Африкадағы қандай елмен байланыс орнатады
Тоқаев Гвинея-Бисауды Қазақстанның Африка құрлығындағы маңызды серіктесі ретінде атап өтті
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Гвинея-Бисау президенті Умару Сисоку Эмбало шағын құрамда келіссөз жүргізді. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Президент Гвинея-Бисауды Қазақстанның Африка құрлығындағы маңызды серіктесі ретінде атап өтті.
«Біз екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға мүдделіміз. Екі ел арасындағы ықпалдастықтың келешегі зор деп санаймын. Ол үшін үкіметтер өзара тиімді ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін қарастыруға бар күш-жігерін салады. Сонымен қатар халықаралық өзекті мәселелерге қатысты ұстанымдарымыз ұқсас. Біз басты халықаралық құрылымдардағы, ең алдымен, БҰҰ және Ислам ынтымақтастық ұйымындағы Сіздің еліңіздің өкілдерімен байланысты күшейтуге дайынбыз», – деді мемлекет басшысы.
Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің ауыл шаруашылығы, тау-кен өнеркәсібі, цифрландыру және көлік-логистика бағыттары бойынша өзара қарым-қатынасын дамытуда әлеуеті зор екеніне назар аударды.
Умару Сисоку Эмбало қазақ жерінде көрсетілген сый-құрмет үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдірді.
«Қазақстанмен тығыз қарым-қатынас орнатудың мәні зор. Мен бұған дейін еліңізге премьер-министр ретінде келген едім. Бұрнағы жылдары Гвинея-Бисаудың студенттері Қазақстанда оқыған болатын. Олардың басым бөлігі техникалық мамандық бойынша білім алды. Біз осы бағыттағы ынтымақтастықты жалғастырғымыз келеді. Себебі Қазақстаннан үйренеріміз көп», – деді Гвинея-Бисау президенті.
Кездесу барысында мемлекеттер басшылары жаһандық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.