Алматыда коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр
Қалада таулы аймақтарда 35 см қар түскен
Алматы қаласында жауған қарға байланысты коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«22:00-дегі жағдай бойынша Алматы қаласында 4 см қар, Каменское платосында 15 см, ал таулы аймақтарда 35 см қар түскені тіркелді», — деп жазылған хабарламада.
Қаланы қардан тазалау үшін жұмылдырылғандар:
- 396 арнайы техникабірлігі;
- 240 жол жұмысшысы;
- 122 құм шашушы техника 645 тонна қоспамен жолдарды өңдеді.
«Айрықша назар таулы және тауға жақын аудандарға аударылды. Жаяу жүргіншілер жолдарын тазалауға 65 бірлік шағын техника тартылды. Синоптиктердің болжамы бойынша, түнде ауа температурасы -6…-8 °C-қа дейін төмендейді, жел жылдамдығы 13 м/с-қа дейін күшейеді, ал жолдарда көктайғақ болуы мүмкін», — деп жазылған хабарламада.
Қала тұрғындарына мынадай ескертулер жасалды:
- Көлік жүргізушілеріне: жылдамдық режимін сақтап, көліктер арасындағы қашықтықты сақтау және арнайы техниканың жұмысына кедергі жасамас үшін жол жиегіне көлік қоймау ұсынылады.
- Жаяу жүргіншілерге: жолды кесіп өту кезінде ерекше сақ болу.
- Барша тұрғындарға: ауа райы жақсарғанша «Медеу» және «Шымбұлақ» бағытында жол жүруден бас тарту ұсынылады.
Коммуналдық қызметтер қарды үздіксіз тазалап, қала көшелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастырып жатыр.