$ 522.49  547.88  5.06
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Жүрек тұсына бірнеше рет пышақ сұққан: Абай облысында әскери қызметкерді өлтірген күдікті 12 жылға сотталды

Оқиға Үржар аудандық қорғаныс істері бөлімі ғимаратының асханасында болған

Жүрек тұсына бірнеше рет пышақ сұққан: Абай облысында әскери қызметкерді өлтірген күдікті 12 жылға сотталды
Фото: © istockphoto.com

Абай облысында әскери қызметкерді өлтіру ісі бойынша сот үкімі шықты. Үржар аудандық қорғаныс істері бөлімі ғимаратының асханасында болған қылмыс бойынша жергілікті тұрғынға 12 жыл бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Соттың мәліметінше, оқиға кешкі уақытта болған. Үржар аудандық қорғаныс істері бөлімі ғимаратының асханасында айыпталушы П., әскеридің жүргізушісі М., күзетші И. және техникалық қызметкер Р. бірге ішімдік ішкен.

«Түн ортасында айыпталушы П. әріптестерін үйлеріне көлігімен жеткізуге шешім қабылдаған. Олар М. мен И.-ді “Ақ жол” дүкенінің маңында түсіріп кеткеннен кейін, П. мен Р. арасында бұрыннан келе жатқан келіспеушілікке байланысты жанжал туындаған. Жанжал төбелеске ұласып, П. Р.-ді бірнеше рет жұдырығымен ұрып, кейін мойнына, жүрек тұсына, арқасына және ішіне бірнеше рет пышақ сұққан. Салдарынан Р. ауыр жарақаттар алып, оқиға орнында қаза тапқан. Қылмысты жасағаннан кейін П. оқиға орнынан қашып кеткен», — деп жазылған хабарламада.

Айыпталушыға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігі (Кісі өлтіру) бойынша айып тағылды. Зардап шеккен тарап істі Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігіне қайта саралауды сұрағанымен, сот мұны қанағаттандырмады. Сот мәліметінше, бірнеше пышақ жарақаты ерекше азап көрсету ниетінің дәлелі бола алмайды.

Сот айыпталушыны кінәлі деп танып, оны 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары