Қарағандыда 12 жастағы өгей қызын зорлады деп айыпталған адам 20 жылға сотталды
Бірақ қыздың анасы бұл айыптаулардың негізсіз екенін айтып отыр
Қарағандыда 12 жасар өгей қызына зорлық көрсетті деген айыппен Евгений Кулагин есімді азамат 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда оның жұбайы мен қорғаушылары бұл айыптаулардың негізсіз екенін айтып, сот шешіміне шағым түсірді. Бұл туралы «Патриот» Telegram-арнасы жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Евгений Кулагиннің өгей қызы оны үй жұмыстарына мәжбүрлегені үшін биологиялық әкесінің кеңесімен жалған айып тағуға мәжбүр болғанын мойындаған. Бастапқыда жүргізілген сараптамалар зорлық белгілерін растаған жоқ. Алайда полицияның талабымен қосымша сараптамалар жүргізіліп, бұл жолы зорлық белгілері анықталды деген қорытынды жасалған», — деп жазылған материалда.
Сотталған азаматтың жұбайы Юлия айыптаулардың шындыққа жанаспайтынын айтты.
«Іс материалдарына қосылған киімдер біздің қызымыздікі емес. Ондай киім бізде мүлде болмаған», – дейді ол.
Евгений Кулагиннің адвокаты Илья Махлов қыздың алғашқы күні-ақ айыптаулардан бас тартқанын мәлімдеді. Сонымен қатар адвокат тергеу барысында заң бұзушылықтар болғанын айтты.
Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған соты Евгений Кулагинді 20 жылға бас бостандығынан айырды.