Астанада мас жігіт өзгенің көлігін айдап кетіп, бағанаға соғылды
Қазіргі уақытта құқық бұзушы уақытша ұстау изоляторына қамалды
Астанада мас азамат өзгенің көлігін айдап кетіп, бағанаға соғылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Елордада полицейлер көлік ұрлау фактісі бойынша тағы бір қылмыстық істі тіркеді. 24 жастағы жігіт бөтеннің автокөлігін заңсыз иемденіп қана қоймай, оны мас күйінде жүргізген. Жедел-іздестіру шаралары барысында Алматы аудандық криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтады.
Тергеу нәтижесінде анықталғандай, жас жігіт түнгі уақытта алкогольдік ішімдік ішіп, көшеге шыққан. Тұрғын үй ауласында тұрған Mercedes E-230 көлігінің есігінің ашық, ал кілттің тұтандырғышта тұрғанын көріп, көлікті айдап әкеткен. Біраз уақыт қаланы көлікпен аралап жүріп, бағанаға соғылып, 3 миллион теңге көлемінде материалдық шығын келтірген.
Қазіргі уақытта құқық бұзушы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оған қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.
Астана қаласының полиция департаменті автокөлік иелерін қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады. Көлік ішінде кілттер мен бағалы заттарды қалдырмау, есіктерді құлыптау сияқты қарапайым ережелерді сақтау – көлік ұрлығының алдын алудың негізгі кепілі.