Қазақстандық спортшы жігітінен зәбір көрген қызды құтқарамын деп өзі зардап шеккен
Желі қолданушылары спортшының әрекетін жоғары бағалады
Семсерлесуден Парижде өткен Олимпиада ойындарының қатысушысы Ерлік Сертай басынан өткен оқыс жағдай туралы баяндап берді. Көшеде ұрысып жатқан қыз бен жігітке араша түспек болған спортшыға әлгі жігіт жұдырық ала жүгірген. Салдарынан спортшының көзі көгеріп, ісіп кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Спортшының айтуынша, достарымен кездесуден кейін үйіне кетіп бара жатқанда ұрысып тұрған қыз бен жігітті көрген. Алайда ол бұл жағдайға мән бермей, өтіп кеткен. Біраз жүргеннен кейін қыздың айқайын естіп, кері бұрылыпты.
«Кері бұрылғанымда жігіттің қызды шашынан тартып жатқанын көрдім. Оларға араша болып, жігітті ақылға шақыруға тырыстым. Алайда ол мені тыңдағысы келмеді. Мені итеріп, ұрып, екеуара текетірес басталып кетті. Екеуміз төбелесіп кеттік. Осы сәтте қыздың тағы да айқайлаған дауысы естілді. Содан кейін өтіп бара жатқан адамдар бізді ажыратып жіберді. Ал мен араша болған қыз сол кезде маған «Біреудің шаруасына неге араласасың? Біз өзіміз шешетін едік қой» деді. Ал сіз менің орнымда болғанда қайтер едіңіз?», - деді спортшы бейнежазбада.
Желі қолданушылары бейнежазбаның астында пікір қалдырып, жігіттің әрекетін жоғары бағалады.
«Сіз нағыз ер адам сияқты әрекет еттіңіз!Бей-жай қарамадыңыз! Мен үшін адамдардың немқұрайлылығы – өліммен тең! Осындай адам болып қала бер! Егер біздің қоғамдағы адамдардың әрқайсысы осындай болса, біз қанша адамның өмірін сақтап қалар едік!», - делінген пікірлерде.