$ 522.49  547.88  5.06
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

СҚО-да сотталған тұрғын жылқы ұрлығымен қолға түсті

Ауданның 48 жастағы тұрғыны жылқы етін мүшелеп жатқан жерінде ұсталды

СҚО-да сотталған тұрғын жылқы ұрлығымен қолға түсті
Фото: СҚО ПД

Солтүстік Қазақстан облысындағы М. Жұмабаев ауданы полиция бөлімінің кезекші бөліміне мал ұрланғаны туралы арыз келіп түсті. Белгісіз адам ауыл тұрғынының жылқысын ұрлап әкеткен. Қорадағы жануармен бірге ер-тоқым, жүген мен киіп жүрген пимасын да алып кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында жедел уәкілдер мен жылқының иесі қар үстіндегі ізге түсіп, 30 шақырымдай жүреді. Іздер «Булаево – Молодогвардейское» автожолына жақын жердегі орман ішіне алып келген.

Полиция қызметкерлері қалың бұталардың арасында қазылған жерге үстін жауып тұрғызылған, ішіне қолдан жасалған пеш орнатылған жеркепені байқайды. Ауданның 48 жастағы тұрғыны жылқы етін мүшелеп жатқан жерінде ұсталды. Алдын ала болжам бойынша полицейлер күдіктінің осы қылмысты жасағанын білген.

«Бұл азамат бұрын пәтер ұрлығы үшін сотталып, үш жыл алты айға бас бостандығы шектелген, бірақ пробациялық бақылауға тұрмай, қашып кетіп бой тасалаған. Дәл осы адам ұрланған жылқының иесінде бұрын жұмыс істеген, қора-қопсының орналасқан жерін және қандай жылқылардың үйретілгенін жақсы білген. Жоғалған пима қылмыскердің адамдардан жасырынып жүргенін байқатты», - дейді аудандық полиция бөлімінің бастығы полиция полковнигі Асан Мейрамов.

Қазіргі уақытта ер адам қамауға алынды. Ол мал және пәтер ұрлығын жасады деген күдікпен ұсталды. Анықталғандай, пәтер ұрлығын сот үкімі шыққаннан кейін жасырынған күні жасаған. Сондай-ақ ол пробациялық бақылау ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылады.

Серіктес жаңалықтары