Алматыдан Делиге ұшқан үш жолаушының алтын құймасын жасырғаны анықталды
Олар ұсынылған тағам мен сусыннан үзілді-кесілді бас тартқан

Алматыдан Делиге ұшқан рейс жолаушыларының үшеуі әуежайда ұсталды. Олар бортсеріктер ұсынған тағамнан бас тартып, күдік тудырған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy News18-ге сілтеме жасап.
«6E-1802 рейсінің бортсерігі үш жолаушының өзгелерден ерекшеленгенін байқаған: олар ұсынылған тағам мен сусыннан үзілді-кесілді бас тартып, ұшу кезінде қозғалмай отырып, ешкіммен сөйлеспеген. Бұл жағдайға алаңдаған бортсерік капитанға хабарлаған. Ұшқыш бірден әуе қозғалысын басқару қызметі арқылы Делидің кеден қызметін ескерткен», — деп жазады басылым.
Ұшақ жерге қонғаннан кейін түнгі сағат 1:30 шамасында күдікті жолаушыларды әуежайда кеден қызметкерлері күтіп алған. Олардың жүгі рентген арқылы тексеріліп, металл детектормен қаралған, бірақ бастапқыда ештеңе табылмаған. Алайда, тергеу барысында жолаушылар алтын құймаларын тік ішектеріне жасырғандарын мойындаған.
Тексеру нәтижесінде жалпы салмағы 439 грамм болатын сегіз алтын құймасы табылды. Барлық үш жолаушы ұсталып, қамауға алынды.