Алматыда 700 мың теңге бопсалаған блогер ұсталды
Ол әлеуметтік желіге видео жариялаймын деп қорқытқан
Алматыда полиция қызметкерлері 37 жастағы блогерді 700 мың теңге бопсалады деген күдікпен ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Полицияның мәліметінше, блогер жәбірленушіні әлеуметтік желіге видео жариялаймын деп қорқытып, ақша талап еткен.
«Өткен кеште Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы мен Өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері арнайы операция барысында күдіктіні ақшаны алған сәтте ұстады. Күдікті отырған көліктен оның «көмекшілері» делінген тағы екі адам анықталды. Олар да бұл қылмысқа қатысқан», – делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу әрекеттері жалғасып жатыр.