СҚО-да төрт жыл бұрын ашылған мектептің төбесі құлап, бірнеше оқушы жарақат алды
Оқушылар миы шайқалып, ауруханаға түсті
Петропавлда небәрі төрт жыл бұрын салынған мектептің төбесінің сылағы құлап, бірнеше оқушы жарақат алды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі петропавловск.news басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Төтенше жағдай Жас Өркен шағын ауданында орналасқан Қожаберген Жырау атындағы №6 орта мектепте болды. Жасөспірімдер миы шайқалып, ауруханаға түсті.
Оқыс оқиға 4 желтоқсан күні кешкі сағат 6-да болған. Сыныпта төбенің сылағы құлаған. Алдын ала мәліметтер бойынша, шамамен екі шаршы метрді құрады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы үш жасөспірім зардап шеккені туралы хабарлады. Олар облыстық балалар ауруханасына жедел жеткізілді. Оқушылар травматология бөлімшесіне жатқызылды. Оларға миы шайқалғаны туралы диагноз қойылған.
«Зардап шеккендер дәрігерлердің бақылауында және қажетті медициналық көмек алады. Оқиғаның себептерін анықтау үшін комиссия құрылады. Оның құрамына төтенше жағдайлар департаментінің, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауының, білім және құрылыс басқармаларының мамандары, оқушылардың ата-аналары және басқа да мүдделі тұлғалар кіреді. Комиссия төбенің құлау себептерін анықтау, басқа да орындардың жағдайын тексеру және оқу процесінің қауіпсіздігін бағалау үшін мектеп ғимаратына техникалық сараптама жүргізеді», - деп жазады басылым.
Мектептің ашылғанына небәрі 4 жыл болған, нысан 2020 жылдың қыркүйегінде тапсырылған.