Астанада бағалы металдардың заңсыз айналымымен айналысқан қылмыстық топ құрықталды
Олар 3 жылдан 11 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды

Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері Қазақстан мен ТМД елдерінің азаматтарынан құралған 12 адамнан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топтың жолын кесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Сотқа дейінгі тергеу барысында күдіктілердің республикамыздың аумағында құрамында алтын бар кенді заңсыз өндіру, оны кейіннен балқыту, контрафактілік зергерлік бұйымдарды дайындау және өткізу арқылы бағалы металдардың заңсыз айналымын ұйымдастырғаны анықталды.
«Осы жылғы 4 желтоқсанда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданааралық сотының шешімімен ҰҚТ басшылары мен қатысушыларының мүлкі тәркіленіп, 3 жылдан 11 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ сотталғандар мемлекетке 250 млн теңгеден астам сомадағы келтірілген залалды өтеуге міндетті», - делінген хабарламада.