Қостанай облысында жол салу кезінде баға негізсіз көтерілгені анықталды
Нәтижесінде жолдарды жөндеу құны 840 млн теңгеге өсті

Қостанай облысында автомобиль жолдарын салу және жөндеу мониторингі барысында жұмыстардың құнын негізсіз көтеру жағдайы анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Антикор мәліметінше, әкімдіктер қазіргі және орташа жөндеу бойынша сметаға жоба сомасының 2% мөлшерінде күтпеген шығыстарды енгізген. Бұл ретте заңнамада мұндай шығындар көзделмеген. Нәтижесінде жолдарды жөндеу құны 840 млн теңгеге өсті.
Сонымен қатар, сметаны қалыптастыру кезінде сметалық пайданы есептеу бойынша енгізілген өзгерістер ескерілмеген.
Жобалардың қымбаттауына әкелген 8%-дық ескі норматив қолданылған (жаңа 5%). Мониторинг көрсеткендей, мердігер орындаған жұмыстардың сапасын бақылау жолдардың кейбір учаскелерінде ғана жүргізілген. Әкімдіктер зертханалық зерттеулерден қандай жолдар өтетінін өздері таңдаған.
Нәтижесінде жыл сайын жөнделетін учаскелердің 20%-30% Ұлттық жол активтері сапасы орталығының филиалы тексермеген.
Мысалы, Меңдіқара ауданында «Боровская-Ұзынағаш» жолының 3 шақырымында ғана сынақ жүргізілген, оның ұзындығы – 28 шақырым.
«Талдау қорытындысы бойынша Қостанай облысының әкімдігі шарттардың талаптарын қайта қарап, күтпеген шығыстар алынып тасталды, сондай-ақ мердігер ұйымдар 32 млн теңге көлемінде негізсіз алынған қаражатты өтеді. 2025 жылы жөнделетін жолдарды сараптамамен толық қамту жоспарланған», - делінген Антикор хабарламасында.