Сыныптасын ұрып, видеоға түсірген оқушы қыздың ата-анасына айыппұл салынды
Оқушы қыз сыныптасының үйіне келіп, оны подъезде соққыға жыққан
Жаңаөзенде 11 жастағы оқушы сыныптасын жала жапты деп айыптап, оны подъезде ұрып-соғып, бұл әрекетін видеоға түсірген. Оқиғаны зардап шеккен қыздың анасы көріп, полицияға арызданған. Содан кейін сот бейнежазба авторының анасына айыппұл салды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Lada.kz сайтына сілтеме жасап.
«Іс материалдарына сәйкес, оқушы қыз сыныптасының үйіне келіп, оны подъезге шығуға шақырған. «Неге маған жала жауып жүрсің?» деген сөздермен оған соққы жасаған және бұл әрекетін телефон камерасына түсірген. Зардап шеккен қыздың анасы видеоны көріп, дәлел ретінде полицияға ұсынған», — деп жазады басылым.
Бұл іс Маңғыстау облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды.
«Кәмелетке толмаған баласының тәрбиесін тиісті деңгейде орындамағаны үшін құқық бұзушының анасына 20 айлық есептік көрсеткіш (73 840 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды», – деп мәлімдеді Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта апелляциялық шағым түскен жоқ.