Алматыда күзетшілер мейрамханаға келген адамды аяусыз соққыға жыққан
40 жастағы ер адам ауыр жарақаттармен ауруханаға жеткізілді

Алматының Алмалы ауданында полиция қызметкерлері қаладағы көңіл көтеру мекемелерінің бірінде келушіні соққыға жыққан екі күзетшіні ұстады. 40 жастағы ер адам ауыр жарақаттармен ауруханаға жеткізілді. Бұл туралы полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бұл іс-әрекетке қатысты сотқа дейінгі тергеу барысында кафе күзетшілерінің кінәсі дәлелденді. Тергеу барысында белгілі болғандай, жәбірленуші достарымен бірге мекемеде отырған. Олар отырыстың уақытын сәл ұзартуды сұрағанда, күзетшілер агрессивті әрекетке көшкен. Жағдай ушығып, күзетшілер жұдырық жұмсап, келушілерді соққыға жыққан. Олар басқа келушілердің араша түсу әрекеттеріне де мән бермеген», – деп түсіндірді Алмалы ауданы полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ұлан Әбілхайыр.
Екі күдікті ұсталып, қамауға алынды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр. Полиция өкілдері бұл оқиғаның мән-жайын анықтау үшін барлық қажетті шаралар қолданылып жатқанын және күдіктілердің заң аясында жауапкершілікке тартылатынын атап өтті.