$ 514.65  544.6  5.17
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қазақстандағы ЮНЕСКО мәдени мұраларын қорғау бойынша перспективалық жоспарлар талқыланды

Қатысушылар пікір алмасып, алдағы жұмыстың басым бағыттарын айқындады

Қазақстандағы ЮНЕСКО мәдени мұраларын қорғау бойынша перспективалық жоспарлар талқыланды
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Абай атындағы ҚазҰПУ-да ЮНЕСКО қорғауындағы Қазақстанның тарихи және мәдени мұрасын қорғау жөніндегі жұмыс тобының екінші отырысы өтті. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Жиынға мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева төрағалық етті. Отырысқа облыс әкімдерінің орынбасарлары, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының мүшелері, сондай-ақ ғалымдар, археологтар мен қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.

«Қатысушылар материалдық емес мәдени және дүниежүзілік мұраны қорғау шараларын жақсартуға бағытталған іс-шаралар жоспарын, сондай-ақ ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» халықаралық бағдарламасын жүзеге асыру мәселелерін талқылады», — деп жазылған хабарламада.

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Аида Балаева ЮНЕСКО Конвенцияларымен бекітілген міндеттемелерді орындаудың маңыздылығын атап өтті. Министр барлық деңгейлерде үйлесімді жұмыс қажеттігін және материалдық емес мәдени мұраны анықтау мен дамыту дағдылары бойынша кадрларды даярлау үшін білікті сарапшыларды тартудың маңыздылығын айтты.

«Ең алдымен, мамандардың біліктілігін арттыру бойынша жұмысты күшейтуіміз қажет. Оқыту мазмұнды және пайдалы болуы тиіс. Жедел түрде оқу модульдерін дайындап, өңірлік және орталық деңгейде курстар өткізуге кірісуіміз керек», – деді министр.

Қазақстанның Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі Ұлттық комитеті төрағасының орынбасары Рүстем Мұзафаров, Қазақстанның Дүниежүзілік мұрасы жөніндегі комитеттің төрағасы Гүлмира Мұхтарова және ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» бағдарламасы бойынша Ұлттық комитетінің төрағасы Ғазиза Нұрғалиева қатысушыларға өз жұмыс жоспарларын ұсынды. Жоспар аясында жергілікті атқарушы органдардың мамандары мен этномәдени бірлестік өкілдерінің біліктілігін арттыру, сондай-ақ материалдық емес мәдени мұраны зерттеу және насихаттау қарастырылған.

Серіктес жаңалықтары