$ 502.83  545.37  5.95
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Тамара Дүйсенова «Ауыл аманаты» бағдарламасының нәтижелерімен танысты

Солтүстік Қазақстан облысында бағдарлама аясында 236 жеңілдетілген несие берілген

Тамара Дүйсенова «Ауыл аманаты» бағдарламасының нәтижелерімен танысты
Фото: primeminister.kz

Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында премьер-министр орынбасары Тамара Дүйсенова өңірдегі «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылу барысымен танысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Солтүстік Қазақстан облысында бағдарлама аясында 236 жеңілдетілген несие беріліп, 250 жұмыс орны ашылды. Өңірде жүзеге асырылып жатқан жобалар әртүрлі. Мысалы, Явленка ауылының тұрғыны Жомарт Шамшуменов асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытып, шағын тауарлы ферма құрды. 2,5%-бен алынған жеңілдетілген несиеге ол 8 бас ірі қара, 24 қой және мал азығын сатып алған. Болашақта сүт өндірісін қолға алып, жерлестеріне тауарлық несие беруді жоспарлап отыр.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы өте тиімді: төмен пайыздық мөлшерлеме және қарызды өтеудің жеңіл шарттары бар. Мен келер жылы қарызды өтеуді бастаймын, сол уақытқа дейін малымнан табыс түседі деп үміттенемін», — деді Жомарт Шамшуменов.

Фото: primeminister.kz

Явленка ауылында кәсіпкерлер әлеуметтік жауапкершілік үлгісін көрсетуде. Жергілікті наубайхана мен ірі серіктестік арасындағы меморандум арқасында ауыл тұрғындары нанды арзан бағамен сатып алады. ТОО «Егін» жергілікті наубайхананы арзандатылған ұнмен қамтамасыз етуде, бұл нан бағасының төмендеуіне әсер етеді. Наубайхана күніне 3 мың бөлке нан пісіре алады.

«Біз ұн мен нанды арзан бағамен сатсақ та пайда табамыз. Бір мүддені көздеген кәсіпкерлердің бірігуі маңызды. Біз осы ауылда тұрамыз және жерлестерімізге көмек көрсету – біздің міндетіміз», — деді «Егін» ЖШС бас директоры Евгений Чубыкин.

Өңірдің барлық деңгейдегі әкімдерімен өткен кеңес барысында ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Ербол Тасжүреков «Ауыл аманаты» бағдарламасының іске асу барысы туралы баяндады.

Фото: primeminister.kz

Тамара Дүйсенова кәсібін жаңа бастаған адамдар үшін өнімді сату жолдарын ұйымдастырудың маңызына ерекше көңіл бөлді. Сонымен қатар ауылдағы тұрмыс сапасын жақсартуда ауыл әкімдерінің жауапкершілігі зор екеніне тоқталып, халық арасында ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізудің қажеттігін атап өтті.

«Ауыл әкімдеріне мемлекеттік қолдау шаралары, соның ішінде жеңілдетілген несие, субсидияланатын жұмыс орындары, жастар мен әлеуметтік аз қамтылған азаматтарға арналған қайтарымсыз гранттар туралы ақпаратты жақсы білу өте маңызды. Бұл бағдарламаларды дұрыс пайдалану ауыл тұрғындарының өмірін айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді», — деп қорытындылады вице-премьер.

Айта кету керек, «Ауыл аманаты» бағдарламасы – «AMANAT» партиясының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан жоба. Бағдарламаның негізгі мақсаты – ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру, жұмыссыздықты азайту және ауыл шаруашылығын дамыту арқылы өңірлердің экономикалық әлеуетін көтеру. «AMANAT» партиясы аталған бағдарламаны іске асыру арқылы ауыл тұрғындарына қолжетімді несие беру, кәсіпкерлікті қолдау және инфрақұрылымды жақсарту бағыттарында жан-жақты көмек көрсетуді көздейді.

Серіктес жаңалықтары