$ 513  541.16  4.69
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Путиннің сапары Қазақстан экономикасына қалай әсер етуі мүмкін – сарапшы пікірі

Бүгінде екі елдің тауар айналымы шамамен 30 млрд теңгеден асыпты

Путиннің сапары Қазақстан экономикасына қалай әсер етуі мүмкін – сарапшы пікірі
Фото: Дамир Белгібаевтың жеке мұрағатынан

Саясаттанушы Дамир Белгібаев Ресей Федерациясының президенті Владимир Путиннің Қазақстанға мемлекеттік сапарынан не күтеміз деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Мемлекеттік іс-сапардың басқа сапарлардан маңызы жоғары. Бұл жерде стратегиялық қатынастың барлық саласы жан-жақты қамтылады. Ресей Қазақстанның бүгінгі таңдағы ең ірі сауда-экономикалық әріптесі. Елді байланыстырып жатқан одан басқа да көптеген факторлар бар. Қазір Қазақстанда Ресейдің 23 мыңнан астам компаниясы жұмыс істеп жатыр. Оның 4 мыңы соңғы жылда ашылған. 2022 жылы басталған ірі санкцияларға байланысты Ресейден көптеген компаниялар көшіп келді және бұл үрдіс 2024 жылға дейін жалғасып келеді. Соның нәтижесінде екі елдің тауар айналымы шамамен 30 млрд теңгеден асты. Болашақта бұл сома одан әрі ұлғаяды деген болжам бар», - деді сарапшы.

Спикердің сөзінше, Қазақстан мен Ресей ең алдымен өз экономикалық мақсаттары үшін серіктестікті нығайта түсуге бейілді.

«Кез-келген мемлекеттің сыртқы саясатта ұстанатын концепциясы бар. Сондай бір концепцияны Ресей 2023 жылдың наурызында бекіткен. Онда «іргелес мемлекеттермен тату көршілікті қалыптастыру және экономикалық позицияларды нығайту» деп көрсетілген үлкен пункт бар. Экономикалық позицияның ең ірілері - энергетика, өнеркәсіп, көлік, логистика, ауылшаруашылық және басқа да көптеген салалар бойынша екі мемлекет бір-бірімен тығыз қарым-қатынас жасайды. Ауқымды жобалар жүргізіп жатыр. Бүгінде 90-нан астам жоба іске қосылған, бұл одан әрі дами бермек. Бізді байланыстырып жатқан үлкен Еуразиялық экономикалық одақта ең ірі ойыншылар - Ресей мен Қазақстан. Екі мемлекет одақта бәсекелес болса да, бір-бірінің нарығына кіруге мүдделі. Сондықтан Қазақстан мен Ресей ең алдымен өз экономикалық мақсаттары үшін серіктестікті нығайта түсуге әрқашан ниетті. Қазақстан үшін қазіргі таңда басты мәселе инвестиция тарту және ірі көлемдегі инвестиция Ресей Федерациясынан келіп жатқанын байқап отырмыз. Сондықтан бұл сапар біздің экономикамыз үшін үлкен серпіліс болары анық», - дейді саясаттанушы.

Серіктес жаңалықтары