Ақмола облысында 60-тан астам адам жеке құжатсыз өмір сүріп келген
Олардың ішінде азаматтығы жоқтар да бар
Ақмола облысында жеке құжатсыз өмір сүріп жүрген 63 адам анықталды. Оның ішінде 49 адам Қазақстан азаматы болса, 3 адамның азаматтығы жоқ болып шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полиция департаментінің мәліметінше, облыс тұрғындары барлық қажетті ақпаратты полиция бөлімдерінің жанындағы аумақтық көші-қон қызметтері арқылы ала алады.
«Жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ кез келген адамға Қазақстан Республикасы азаматының немесе азаматтығы жоқ адамның құжаттарын рәсімдеу үшін тұрғылықты жері бойынша полиция бөлімдерінің жанындағы көші-қон қызметі бөлімшелеріне жүгіну қажет.
Егер сіз немесе сіздің таныстарыңыз КСРО паспортының иесі болсаңыз, құжаттарыңызды жоғалтқан болсаңыз, тек туу туралы куәлігіңіз болса немесе жеке басын куәландыратын құжаттарыңыз болмаса, Ақмола облысы Полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасына хабарласуыңызды сұраймыз. Кеңес алу үшін 8 (7162) 29-98-38 нөміріне қоңырау шалуға болады», - делінген департамент хабарламасында.