«ENBEK.BOLASHAQ.DAMU»: Қарағанды облысының жастары еңбек пен дамудың жолын таңдайды
«Жастар рухы» «Жастарға жұмыс» жобасын жүзеге асырып жатыр, оның аясында 30 мыңнан астам жас жұмыспен қамтылды
Жастардың «Еңбек адамы» тұжырымдамасын жүзеге асырудағы орны мен әділетті Қазақстан құрудағы рөлі Қарағанды қаласында өткен «ENBEK.BOLASHAQ.DAMU» жастар слетінде талқыланды. Аталған жиынға 500-ден астам делегат қатысты. Іс-шараны «Жастар рухы» жастар қанаты мен «AMANAT» партиясының Қарағанды облыстық филиалы ұйымдастырып, облыс әкімдігі қолдау көрсетті. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «AMANAT» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды бағдарламасында 2029 жылға дейін кемінде 2,3 миллион жасты жұмыспен қамту міндетін қойған болатын. Осыған байланысты «Жастар рухы» 100 мыңнан астам жас қазақстандықты біріктіріп, жастарды жұмыспен қамту және еңбек нарығына бейімдеу мәселелерімен жүйелі түрде айналысып келеді. «Жастар рухы» төрағасы Ақерке Искандерованың айтуынша, «ENBEK.BOLASHAQ.DAMU» сынды слеттердің басты мақсаты – жастарға мемлекет ұсынатын мүмкіндіктерді түсіндіре отырып, жұмысшы мамандықтарының маңыздылығы мен беделін көрсету, «ашық микрофон» форматында өзекті сұрақтарға жауап беру және жас ұрпақтың әлеуеті мен таланттарын ашу.
«Бүгінгі алаң жастарды қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды, оның ішінде жұмыспен қамту мәселелерін талқылауға арналған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің жолдауында 2025 жылды жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялап, еңбекқор жастарды қолдау қажеттігін атап өтті. Жұмысшы мамандықтары – қазіргі қоғамның іргетасы. Біздің басты міндетіміз – кәсіби өсу мен дамуға жағдай жасау. Осы бағытта «Жастар рухы» «Жастарға жұмыс» жобасын жүзеге асырып жатыр, оның аясында 30 мыңнан астам жас жұмыспен қамтылды, ал жұмыс берушілермен 5 мыңнан астам меморандумға қол қойылды», – деді ол.
Ақерке Искандерованың айтуынша, соңғы екі жылға жуық уақыт ішінде елімізде «Жастарға жұмыс» жобасы аясында 200-ден астам бос орындар жәрмеңкесі өтіп, оған 160 мыңнан астам адам қатысқанын айтты. Сонымен қатар шамамен 30 мың жас өз кәсібін дамыту үшін 2,5% жеңілдікпен несие алу бойынша кеңес алды.
Жастар слетіне Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев та қатысып, өңірдегі жастарды қолдау мен дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Ол оқу орындарының материалдық-техникалық базасын жақсарту және кәсіби бағдар беру бағдарламаларын енгізу қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ жастарға арналған жеңілдетілген ипотека туралы да айтылды, бұл жас мамандарға тұрғын үй мәселесін шешуге көмектеспек.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстан – дарынды жастардың елі. Ертең сіздер мемлекетіміздің абыройын асқақтатасыздар. Ал бүгін біз сіздердің дамуларыңызға барлық жағдай жасауымыз керек» деді. Бұл жай сөздер емес, бірлесіп жүзеге асыратын іс-қимыл жоспары. Біздің өңірге басқа аймақтардан да жұмыс күші тартылуда. Бізде Саран қаласында ірі индустриялық аймақ және Қарағандыда «Сарыарқа» аймағы бар. Жұмыс істеуден қорықпаңыздар. Ең бастысы, ниет болуы керек, ал жұмыс орындары бізде көп», – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.
«AMANAT» партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков өңірдің индустриалды аймақ екеніне баса назар аударып, мұнда жұмысшы мамандықтары мен инженерлік салалардың маңызы зор екеніне тоқталды.
«Бұл салаларда өздеріңізді көрсетіп, ел экономикасының дамуына үлес қоса аласыздар. Біз сіздерге көмектесу үшін жеңілдіктері қарастырылған бағдарламаларды дамытуды, жаңа жобалар әзірлеуді және әлеуеттеріңізді жүзеге асыруға жағдай жасауды жалғастырамыз. Сонымен қатар табысқа жету – тек нәтиже емес, күнделікті еңбек пен қиындықтарға қарамастан алға ұмтылу екенін ұмытпаңыздар. Сіздер – біздің өңіріміздің, еліміздің болашағысыздар. Әрқайсыңызға сенетінімізді, әрдайым қолдау мен көмек көрсетуге дайын екенімізді білсеңіздер деймін», – деді ол.
Слет делегаттары «Кәсіби бағдарлау – табысты болашаққа қадам»; «Адал адам – адал еңбек, адал табыс»; «Нашақорлықпен күрес»; «Кибер-алаяқтық: қауіпсіздік қағидаты» тақырыптары бойынша оқу сессияларына қатысты.
Сонымен қатар слет аясында Саран индустриалды аймағына экскурсия ұйымдастырылды. Делегаттар автобус және арнайы техникалар шығаратын «QazTehna», «KamaTyresKz» автокөлік дөңгелектері зауытымен, «Silk Road Electronics» тұрмыстық техника зауытымен танысып, болашақ мамандығын таңдау бойынша өздеріне шешім қабылдауға мүмкіндік алды.
Karaganda Buketov University студенті Диана Мұстафина жастардың жұмыс іздеуі – кейде қиындық тудыратынын айтты, өйткені түлектердің көбінде еңбек өтілі жоқ, сол себепті мұндай шаралар жастар үшін өте пайдалы.
«Мен осындай ірі кәсіпорындар туралы қажетті ақпарат білмеген едім. Сонымен қатар, шара аясында көптеген қызықты адамдармен таныстым. Мұндай слеттер өте маңызды, себебі жастар қолдауды сезініп, дамуға мүмкіндіктерін көреді», – деді ол.
Іс-шара соңында Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы жастар кеңесінің төрағасы Асқар Оразбеков өңірдегі ең белсенді жастар көшбасшыларына 100 000 теңге көлеміндегі арнайы сыйақыларды табыс етті.
Слет қорытындысы бойынша өңірдегі жастар саясатының дамуына арналған негізгі бағыттар анықталған резолюция қабылданды.