15 тонна алтын: Павлодарда Орталық Азияда теңдесі жоқ кәсіпорын ашылады
Кәсіпорынның іске қосылуы Қазақстанның экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді
Павлодар облысында Орталық Азияда теңдесі жоқ алтын өндіру кәсіпорны салынады. Бұл өндіріс жылына 15 тонна алтын өндіруге мүмкіндік береді. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бұл жобаны «Ертіс гидрометаллургиялық комбинаты» ЖШС жүзеге асырады. Жобаның негізгі бөлігі – жоғары көміртекті сульфидті алтын құрамды концентраттарды өңдейтін гидрометаллургиялық цех. Бұл технология экологиялық тұрғыдан ең қауіпсіз әдіс. Кәсіпорын екі өндірістік кешеннен тұрады, олар алтын, күміс және мыс құрамды концентраттарды өңдейді», — деп жазылған хабарламада.
Жаңа зауытта автоклавты сілтілеу технологиясы қолданылып, өнім ретінде алтын-күміс қоспасы шығарылады. Бұл қоспа одан әрі тазарту және ұлттық банкке өткізу үшін аффинаж зауыттарына жөнелтіледі.
- Өндіріс көлемі: Жылына 300 мың тонна концентратты өңдеу жоспарланып отыр. Бұл көлемнен 15 тонна алтын өндірілмек.
- Инвестиция көлемі: Жобаның құны – 930 млн АҚШ доллары немесе 465 млрд теңге.
- Жұмыс орындары: Кәсіпорын 500 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды.
- Орындалу мерзімі: Жоба 2023-2028 жылдар аралығында жүзеге асырылады.
Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов инвесторлармен кездесу барысында өңірдегі бизнесті жүргізудің артықшылықтарын және инвестициялық саясаттың басымдықтарын таныстырды. Жобаның маңыздылығын атап өткен өңір басшысы оның сәтті іске асырылуы үшін барлық қажетті қолдауды көрсетуге дайын екенін айтты.