Қаржы министрлігі мемлекеттік сатып алу туралы ашық диалог өткізді
Вице-министрдің айтуынша, мемлекеттік сатып алудың тиімділігі тек мемлекеттік органдарға емес, сондай-ақ бизнес пен қоғам үшін де маңызды
Мемлекеттік сатып алу саласы инновациялар мен отандық өндірісті дамытуға ықпал ететін маңызды құралға айналды. Осы бағытта ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік сатып алу саласындағы негізгі өзгерістерді түсіндіру үшін бизнес өкілдерімен, мемлекеттік сектор және азаматтық қоғаммен кездесулер ұйымдастырып жүр. Бұл жолғы кездесу Өскемен қаласында өтті. Бұл туралы Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Кездесуге Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейл, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Дархан Сапанов, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарының кәсіпкерлері мен мемлекеттік орган өкілдері қатысты.
Вице-министр Дәурен Кеңбейлдің айтуынша, мемлекеттік сатып алудың тиімділігі тек мемлекеттік органдарға емес, сондай-ақ бизнес пен қоғам үшін де маңызды.
«Мемлекеттік сатып алу жүйесінің ашықтығы мен сапасы бәсекелестікті арттырып, көрсетілетін қызметтер мен тауарлардың сапасын жақсартуға ықпал етеді. Жүйені жетілдіру мақсатында қатысушылардың біліктілігін арттыруға арналған тетіктер енгізіліп, сатып алу үдерісі жеңілдетілді. Сонымен қатар, шағын және орта бизнес субъектілерін қолдау үшін тауарлар мен қызметтерді тек осы санаттағы өндірушілерден сатып алу қарастырылған», – деді Дәурен Кеңбейл.
Сонымен қатар камералдық бақылау жүйесі сақталып, уәкілетті орган тарапынан сатып алу нәтижелерін жою құқығы алынып тасталды. Бұл шешімдер кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара сенімді арттыруға бағытталған.
Кездесу аясында отандық өндірушілерді қолдау мәселелері де талқыланды. Қаржы министрлігі шағын және орта бизнеске ерекше көңіл бөліп, оларды мемлекеттік сатып алу жүйесіне белсенді қатысуға шақырады.
Кездесуден кейін Дәурен Кеңбейл өңірдегі екі ірі кәсіпорынды аралады.
1. Өскемен өнеркәсіп арматура зауыты– мұнай-газ, металлургия, энергетика салаларына арналған жабдықтар өндіретін кәсіпорын. Зауыт жылына 1834 тонна дайын өнім шығарады және ірі ұлттық компанияларды жабдықпен қамтамасыз етеді.
2. «Рауан» тігін компаниясы– ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған бейімделу киімдері мен арнайы киімдер шығаратын жалғыз кәсіпорын.
«Қаржы министрлігі ұйымдастырған бұл кездесу мемлекеттік сатып алу саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға, кәсіпкерлермен тиімді диалог орнатуға мүмкіндік берді. Мұндай іс-шаралар мемлекеттік сектор мен бизнестің өзара ынтымақтастығын нығайтуға және экономиканы дамытуға бағытталған нақты қадам», — деп жазылған министрлік хабарламасында.