Астанада интернет-алаяқтар тұрғындардың 3 миллиард теңгесін иемденген
Интернет-алаяқтық бойынша 4 мыңнан астам қылмыс тіркелді
Астана қаласында биылғы жылдың он айында интернет-алаяқтық бойынша 4 мыңнан астам қылмыс тіркелді. Оның ішінде 730 іс тергеліп, сотқа жолданған. Бұл туралы Астана қаласы полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі Айдар Қонысбек мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy астаналық әкімдік сайтына сілтеме жасап.
«Интернет-алаяқтар тұрғындардың 3 миллиард теңгесін жымқырған. Осы уақытқа дейін тек 424 миллион теңге ғана қайтарылды. Интернет-алаяқтықпен айналысқан 67 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, басқа істер бойынша тергеу жалғасып жатыр», — деді Айдар Қонысбек.
Мамандардың айтуынша, интернет-алаяқтар банк қызметкерлері, құқық қорғау органдары немесе байланыс операторлары ретінде өзін таныстырып, адамдарды алдайды.
«Алаяқтар арнайы операция жүргізіліп жатқанын айтып, телефон нөміріне келген құпия кодты сұрайды. Сонымен қатар жалған тауарлар мен қызметтер ұсынады немесе сілтемелер арқылы жеке мәліметтерге қол жеткізеді. Олар жалған инвестициялар немесе криптовалюта арқылы табыс табуды ұсынып, сенімге кіреді», — дейді Қонысбек.
Айдар Қонысбектің айтуынша, интернет-алаяқтықтан сақтану үшін күмәнді сілтемелерге өтпеу, жеке деректерді ешкімге жария етпеу қажет. Интернет-дүкендерде алдын ала төлем жасау үшін деректердің түпнұсқалығына көз жеткізу маңызды. Сонымен қатар әлеуметтік желідегі деректерді қорғау үшін күрделі құпия сөздер қолдану керек.