Қазақстан мектептерінде PISA зерттеуі басталды
Зерттеу 25 желтоқсанға дейін жалғасады

Қазақстан мектептерінде оқушылардың функциялық сауаттылығын анықтайтын жыл сайынғы PISA зерттеуі басталды. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Зерттеу 25 желтоқсанға дейін жалғасады. Биыл бұл зерттеуге 15 жасқа толған 30 мың оқушы қатысып жатыр.
«Зерттеу дәстүрлі PISA әдістемесіне негізделген және оқушылардың функциялық сауаттылығын бағалайды. Атап айтқанда, оқу, математика және жаратылыстану ғылымдары бойынша негізгі дағдылар тексеріледі. Сондай-ақ, бұл зерттеу оқу жетістіктеріне әсер ететін факторларды анықтауға мүмкіндік береді», – деп хабарлады министрлік.
Зерттеу нәтижелері білім беру саласын басқару органдарына стратегиялар мен бағдарламаларды жетілдіру үшін қолданылады. 2021–2023 жылдары «Мектептер үшін PISA» зерттеуіне Қазақстанның 2200 білім беру ұйымы қатысқан.
«Бұл зерттеу оқушылардың функциялық сауаттылығын дамытуда маңызды рөл атқарады және білім беру сапасын арттыруға бағытталған кешенді шараларды іске асыруға көмектеседі», — деп жазылған хабарламада.