Бейнеуде коронавирус өршіп тұр

Маңғыстау облысында Covid-19 инфекциясымен 161 науқас тіркелді

Бейнеуде коронавирус өршіп тұр

Бейнеу ауданында эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз. Бұл туралы Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ляззат Есенғалиева қоғамдық коммуникациялар орталығында өткен брифинг барысында мәлімдеді

Маңғыстау облысында 2020 жылдың 18-мамырына ақпарат бойынша Covid-19 инфекциясымен 161 науқас тіркелді. Тіркелген науқастардың тұрғылықты жері бойынша Бейнеу ауданы – 64, Қарақия ауданы -31, Жаңаөзен қаласы бойынша – 23, Ақтау қаласы – 22 және Маңғыстау ауданы -7, Мұнайлы ауданы – 6 , Түпқараған ауданы Ақшұқыр елді мекені – 3, сондай-ақ, 5 адам өзге өңірлерден келгендер. Бүгінгі таңда 55 адам жазылып шықты, оның ішінде 13 бала бар, Мұнайлы ауданының 1 тұрғыны қайтыс болды.

Айта кететін жәйт, аталған індетті жұқтырған науқастар арасында «Тенгиз Шевройл» қызметкерлері 25 адам, балалар саны 33. Өкінішке қарай, медицина қызметкерлері арасында жиырмаға жуығы індет жұқтырған. Оның ішінде 3 дәрігер бар. Бүгінде олар стационарда ем алып жатыр. Вирус жұқтырған медицина қызметкерлеріне төлемақы төлеу үшін комиссия құрылып, арнайы сараптама өткізгеннен кейін шешім қабылдайтын болады.

Бүгінде Бейнеу ауданы мен Боранқұл ауылында эпидиомиологиялық жағдай тұрақсыз. 2020 жылдың 30-сәуірінен бастап, күні бүгінге дейін 64 науқас тіркеліп отыр. 1 науқас емделіп шықты.

«Маңғыстау облыстық ауруханасының инфекциялық бөлімінде – 33 науқас, Жаңаөзен қалалық көпбейінді ауруханасында -15 адам, Бейнеу аудандық ауруханасында – 59 адам ем алуда. 85 науқастың жағдайы қанағаттанарлық, 22 адам орташа ауыр деп бағалануда. 4 адам қалыпты ауыр жағдайда», - деп хабарлайды дәрігерлер.

Вирус жұқтырғандардың 85-нен ауру белгілері мүлде байқалмаған. Олардан вирус тексеру барысында, сараптама нәтижесінде анықталды.  Айта кететін жәйт, ҚР бас дәрігерінің қаулысы бойынша ауру белгілері байқалмаған науқастарды үйлеріне 3 күннен кейін 3 талап орындалса ғана жіберуге болады делінген. 1-шіден, емделушінің үйінде пульсоксиметр деген адам тынысын есептейтін құрылғы болу керек, 2-шіден, арнайы дәретханасы бар бөлме болуы керек, 3-шіден, бірге тұратын адамдардың жазбаша келісімі болу шарт.

«Бүгінгі таңда Ақтау қаласы бойынша 2 науқас осылай емделуде. Оларға 14 тәулік өткен соң қайтадан ПЦР анализдерін тапсырады. Сараптама теріс нәтиже берсе, жазылды деп анықтама берілетін болады», -делінген хабарламада.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.