Шымкентте шала туған нәрестеге екі күрделі ота жасалды
Сәби жүктіліктің 31-аптасында 2350 грамм салмақпен дүниеге келді
Шымкент қалалық перинаталдық орталығының дәрігерлері шала туған нәрестеге бір уақытта екі күрделі ота жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Otyrar-ға сілтеме жасап.
Сәби жүктіліктің 31-аптасында 2350 грамм салмақпен дүниеге келді. Оның жағдайы ауыр болып, дәрігерлер шұғыл көмек көрсетуге мәжбүр болды.
Нәрестенің іш қуысы ағзаларының дамуында туа біткен ақаулар — эмбрионалды жарық пен бауырдың сол жақ бөлігінде киста анықталды. Бұл шұғыл ота жасауды қажет етті.
Операция міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында жоғары білікті мамандардың қатысуымен заманауи неонаталдық хирургия әдістерін қолдану арқылы сәтті өтті.
Ота барысында дәрігерлер кіндік жарығы мен бауыр кистасын алып тастады. Қазір нәресте дәрігерлердің бақылауында арнайы медициналық құрылғылардың көмегімен ем қабылдауда.
«Нәрестенің жағдайы өте ауыр болды. Жүктілік кезінде-ақ эмбрионалды жарық пен бауыр кистасы секілді бірнеше ақау анықталған. Сондықтан шұғыл хирургиялық араласу қажет болды. Мұндай оталар шала туған және патологиясы бар нәрестелердің өмірін сақтап қалуда маңызды рөл атқарады», — дейді Шымкент қалалық перинаталдық орталығының неонатология бойынша бас дәрігерінің орынбасары Гүлмира Будукова.