Fitch Ratings агенттігі Қазақстанның кредиттік рейтингін растады
Қазақстанның рейтингіне оң әсер ететін негізгі факторлар — мықты сыртқы резервтер мен қаржылық тұрақтылық
Fitch Ratings агенттігі Қазақстанның кредиттік рейтингісін «BBB» деңгейінде «Тұрақты» болжамымен растады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аналитиктердің пікірінше, Қазақстанның рейтингіне оң әсер ететін негізгі факторлар — мықты сыртқы резервтер мен қаржылық тұрақтылық. Ұлттық қордың валюталық активтері мен елдің алтын-валюта қоры елдің ЖІӨ-нің 38%-ын құрайды. Бұл көрсеткіш ұқсас рейтингі бар елдердің орташа деңгейінен әлдеқайда жоғары.
Сонымен қатар активтердің жоғары табыстылығы (8,4%) және алтын бағасының өсуі резервтердің артуына ықпал еткен.
Fitch сарапшылары Қазақстанның көлік инфрақұрылымы мен жаңартылатын энергия көздерін дамыту бағытындағы қадамдарына ерекше назар аударды. Бұл ел экономикасының мұнай саласына тәуелділігін біртіндеп азайтуға көмектеседі.
Сондай-ақ, агенттік Қазақстан үшін кең ауқымды екінші деңгейлі санкциялардың қаупі төмен екенін атап өтті. Бұл да елдің халықаралық аренадағы позициясын нығайтатын оң факторлардың бірі ретінде бағаланады.
Fitch Ratings-тің бұл шешімі Қазақстанның экономикалық тұрақтылығы мен қаржылық жүйесінің даму бағытына оң баға беріп, халықаралық аренадағы сенімді серіктес мәртебесін растайды.