«Әділетсіз есептеген»: Зейнеткер Еңбек министрлігін сотқа беріп, жеңіп шықты
Былтыр министрлік әйелдің еңбек өтілі мен зейнетақы мөлшерін қайта қарап, азайту туралы шешім шығарған
Солтүстік Қазақстан облысында зейнеткер еңбек өтілі мен зейнетақы мөлшерінің азайтылуына келіспей, әкімшілік сотқа жүгініп, істі жеңіп шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Social Media порталына сілтеме жасап.
2022 жылы Петропавл тұрғынына зейнет жасына толуына байланысты еңбек өтілі 19 жыл 10 ай 14 күн (1998 жылғы 1 қаңтарға дейін) деп есептеліп, мемлекеттік базалық зейнетақы тағайындалған. Зейнетақы тағайындау кезінде еңбек өтіліне 1977 жылғы 1 қыркүйектен 1979 жылғы 10 мамыр аралығында мектеп-интернаттағы оқу мерзімі де енгізілген.
Алайда, 2023 жылғы 13 желтоқсанда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің СҚО бойынша комитеті әйелдің еңбек өтілі мен зейнетақы мөлшерін қайта қарап, азайту туралы шешім шығарған. Бұл өзгеріс 2023 жылғы 7 желтоқсандағы министрлік комитетінің хатына негізделген.
Департамент зейнеткердің еңбек өтілін қайта қарап, 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңді 18 жыл 2 ай 4 күн деп растаған, бірақ мектеп-интернаттағы оқу мерзімін еңбек өтіліне қоспаған. Осыған келіспеген әйел әкімшілік сотқа жүгінген.
Сотта талапкердің оқу мерзімін еңбек өтілінен алып тастауы және зейнетақы мөлшерін азайтып қайта есептеуі Қазақстан Республикасының зейнетақы туралы заңына және әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне сәйкес келмейтіні анықталды.
Солтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты департаменттің зейнетақы мөлшерін азайту туралы шешімін заңсыз деп таныды. Сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ.