«Унитаздарын алып кетті: СҚО-да аурухана басшылары әжетханаға қатысты мәлімдеме жасауға мәжбүр
Төрт жыл бұрын қаңырап тұрған бұл үйді сырттан келген дәрігерлерге жөндеп берген
Еліміздің солтүстігіндегі Уәлиханов аудандық ауруханасының басшылары әжетханаға қатысты мәлімдеме жасауға мәжбүр болды. Себебі: әлеуметтік желіде мемлекет меншігіндегі пәтерлерінен дәрігерлер «унитаздарын алып кетті» деген ақпарат тараған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.
Бейнероликте Кішкенекөл ауылындағы қос қабатты үйдің іші түсірілген. Жақтауымен қоса жұлынған есік, әжетхана мен басқа да заттардың жинаулы тұрғанын көруге болады. Осының бәрін аудандағы орталық аурухана өкілдері «алып кетті» делінген. Бірақ емдеу мекемесі басшылары «дәретханаға тиіспедік» деп азар да безер болды.
Төрт жыл бұрын қаңырап тұрған бұл үйді сырттан келген дәрігерлерге жөндеп берген. Бірақ ауруханадан алыс әрі баспана қара суық болған соң, биыл басқа бос тұрған үйге көшіріпті. Ол жаққа «тек темір есіктерді ғана алдық» деп ақталды бас дәрігер. Ал унитаздың қайда жоғалғанын «білмеймін» дейді.
«2024 жылы бос тұрған үйді жөндеп берді. Аудандық, облыстық әкімдіктермен келісіп ол үйге биыл ауданға келген және ауруханада жұмыс істеп жатқан алты дәрігерге пәтерлерді бөліп берді. Олар сонда тұрып жатыр. Ал Кішкенекөл ауылы Әбу Әбішов көшесіндегі үйді әкімдік балансына қазан айында қайтарып бергенбіз», - деді Уәлиханов ауданы ауруханасының бас дәрігері Лилия Федетова.