«Ондаймен айналыспаймыз»: Баян Алагөзова «Қазақ аруы» байқауына қатысты дауға жауап берді
Ол дауыс беру бойынша дәлелдің барлығы желіге салынатынын жеткізді
Продюсер Баян Есентаева «Қазақ аруы-2024» байқауының қорытындысына байланысты шыққан дауға жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Байқау аяқтала сала түсінбеушілікке тап болдық. Адамдар әділ өтпеді, дауыс беру боты жұмыс істемеді деп жатыр. Дауыс берушілер саны өте көп болды. Telegram ресми парақшасының өзі бізге адамның көптігінен бот жүктеліп жатқанын хабарлады. Біз барлығын хаттамаға енгіздік. Дауыс беру ашық әрі өткені жайлы дәлел бар. Байқау өткен залда интернет дұрыс істемеді. Ондағы халық, яғни 700 адам дауыс бере алмады. Бірақ қалған 65 мың адам дауыс берді», - дейді ол.
Алагөзованың айтуынша, «Қазақ аруында» бірінші орын алған адамға жеңісті әдейі алып берді дегендер де болған.
«Осындай шараға қыруар ақша жұмсап, жеңісті біреуге алып беру бізге қызық емес. Ондаймен айналыспаймыз. Жеңімпаздарды сөкпейді. Адамдар неше түрлі пікір айтады. Байқаудың әділ өтпеуі бойынша жыл сайын маған айып тағылады. Бізде барлық дәлел, хаттама бар», - дейді Алагөзова.
Осыған дейін «Қазақ аруы-2024» байқауына қатысқан қыздар сынның астында қалғаны туралы хабарланған болатын.