Көкшетауда заңсыз кальян ұсынған дәмханалар анықталды
Кальян шеккен 10 адамға 150 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл салынды
Полиция Көкшетау қаласындағы кальян шегу орындарына кезекті рейд жүргізіп, заңсыз темекі өнімдерін тұтынуды анықтау мақсатында тексеріс өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Polisia.kz-тің жазуынша, 12 қарашада өткізілген рейд барысында полиция қызметкерлері Көкшетау қаласының 10 тұрғынын заңсыз кальян шеккені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартты. Бұл азаматтарға ҚР ӘҚБтК 441-бабының 1-бөлігіне сәйкес, 150 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл салынды, бұл 500 мың теңгеден астам соманы құрайды. Айта кету керек, жыл басынан бері облыста темекі өнімдерін тұтынуға тыйым салу ережелерін бұзғаны үшін 500-ге жуық адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Рейд барысында Көкшетаудағы лаундж-барлардың бірінде кальян шегу фактісі анықталды, бұл үшін кальян шеккен азаматқа 15 АЕК (2024 жылы 55 380 теңге) көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар, жұмыс берушілердің өз мекемелерінде темекі өнімдері мен қыздырылатын темекі бар өнімдерді тұтынуға жол бергені үшін полиция қызметкерлері ҚР ӘҚБтК 441-бабының 3-бөлігі бойынша екі әкімшілік қызметкеріне хаттама толтырды.
Полиция қызметкерлері заңнамаға сәйкес, тыйым салынған орындарда темекі бұйымдарын, соның ішінде қыздырылатын темекі өнімдерін, кальянға арналған қоспаларды және электрондық тұтыну жүйелерін қолдану жеке тұлғаларға 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкелетінін еске салды. Ал осы құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанған жағдайда 20 АЕК (2024 жылы 73 840 теңге) мөлшерінде айыппұл салынатынын атап өтті.