Пәкістанда лаңкес-жанкешті жарылыс жасады: 24 адам қаза тапты
40-тан астам адам жарақат алды
Пәкістанның Кветта қаласында теміржол вокзалы маңында жарылыс болып, кемінде 24 адам қаза тауып, 40-тан астамы жарақат алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Geo TV арнасына сілтеме жасап.
Алдын ала мәліметтер бойынша, жарылыс жолаушылар вокзалдың көп жиналатын билет кассасында болған. Бұл оқиға пойыздың келер алдында болып, қаза тапқандар санының артуына ықпал етті.
Қалада төтенше жағдай енгізілді. Полиция оқиғаға қатысты тергеу жүргізіп жатыр.
Телеарна мәліметінше, қаза тапқандар саны артуы мүмкін. Жарақат алғандар Кветта қаласының ауруханаларына жеткізілген.
Кветта қаласының комиссары Хамза Шафқат жарылыстың қасақана жасалғанын растады. Оның айтуынша, лаңкес-жанкешті вокзалға багажбен кірген. Комиссар лаңкесті тоқтатудың қиын болғанын айтты.