Жазушы Кенжебек Сержанұлының «Ер мен ел» атты кітабының таныстырылымы өтті
Кітап Маңғыстау өңірінен шыққан тұлғалардың өмір тарихынан сыр шертеді
Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, жазушы әрі өлкетанушы Кенжебек Сержанұлының «Ер мен ел» атты тарихи және танымдық мазмұндағы кітабының таныстырылымы болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жиынға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Серік Негимов, жазушы Алтыншаш Жағанова, ғалым, академик Дихан Қамзабекұлы және басқа да қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, көрнекті ғалымдар мен қаламгерлер қатысты.
Ал тарихшы-этнограф Қойшығара Салғараұлы Кенжебек Сержанұлына ақ батасын берді.
«Ұлт тұлғаларының тарихи еңбегін, тағылымын, даналығын жан-жақты, толық толғап, ұғынықты тілмен жатық түсіндірген. Әрбір кемеңгер тұлғаның өмірбаянын тарихи деректермен нық дәйектеп отырады. Кемел мысалдар келтіріп, афоризмдермен тұздықтай білген. Кенжебек Сержанұлының «Ер мен ел» атты тарихи-танымдық еңбегі киелілердің, әулие-әнбиелердің, абыздардың, бұлбұлдай сайраған дүлдүл жыршылардың, «алдынан қара кетпеген, артынан қара жетпеген» жорықшы жыраулардың, Еділдің қызыл желіндей «ақиқаттың ақ жолында қырандай батылдық, шешімпаздық, тәуекелшілдік танытқан би-шешендердің мүбәрәк мекені – Маңғыстаудың шежірелі тарихына бағышталған.
Салиқалы жинақтағы жазбалар Маңғыстаудың қасиетті жұртының басынан өткен қасіретті ғасырларды гөй-гөйлете сөйлетеді, замана суреттеріне жан бітіреді, ел жадында жатталған ғибратты ойларға, асыл сөздерге қанат бітіреді, сөйтіп халықтың тарихи зердесін дәуір мәліметтерімен, шежірелік деректермен, таңдаулы тәмсілдермен, ойлы да оюлы әңгімелермен, тарихи-мәдени, ұлттық-рухани құндылықтармен байытып толықтырады», – деп баға берді профессор Серік Негимов.
Бұл кітапта автор маңғаз өлке, майлы қиян Маңғыстау түбегінен шыққан, есімдері халық арасында кеңінен танылған марғасқа тұлғалардың өмір тарихынан сыр шертеді. Ел басына күн туғанда ұлан-ғайыр жерін жау табанынан қорғап, ереуіл атқа ер салып, қиын да күрделі кезеңдерде намыс туын жеңіс жалауына айналдырған қаһарман ерлердің ел алдындағы ерен істері баяндалады. Сонымен қатар елдік істердің ұйытқысы бола білген қайраткер азаматтар жайлы да кеңінен әңгімеленеді.
«Кейінгі ұрпаққа ұлттық рухани тәрбие беруге тағылымды ғұмыр кешкен азамат ерлер әрдайым үлгі болары сөзсіз. Бұл еңбегім өлке тарихы мен әдебиетке жаны жақын оқырман қауымға арналады», – дейді Кенжебек Сержанұлы.
Кенжебек Сержанұлының «Ер мен ел» атты кітабының таныстырылымы «AMANAT» партиясының қоладаумен өтті.