$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Ақмола облысында үш бірдей қоқыс өңдейтін кешен салынады

Олар жылына 150 мың тонна тұрмыстық қалдықты өңдеп, кәдеге жаратады

Ақмола облысында үш бірдей қоқыс өңдейтін кешен салынады
Фото: istockphoto.com

Ақмола облысында экологиялық мәселені шешу мақсатында қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу бойынша жобалар жүзеге асып келеді. Бүгінде өңірдің екі ауданы мен бір қаласында жалпы қуаты жылына 150 мың тонна болатын үш қоқыс сұрыптау және қоқыс өңдеу кешенін салу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«ECO DUMP» ЖШС Көкшетау қаласында қуаттылығы жылына 70 мың тонна болатын сұрыптау желісін және Ақмола облысының екі ауданында қуаттылығы жылына 40 мың тонна болатын екі желіні салады.

«Компания өңірде тұрмыстық қатты қалдықтарды қауіпсіз өңдеу үшін жобалық шешімдерді әзірлеу кезінде Қазақстанның жағдайына бейімделген ең тиімді, озық технологияларды қолданатын болады. Кешендерді салу үшін Көкшетау қаласы Красный Яр ауылынан ауданы 8 гектар жер учаскесі, Зеренді ауданындағы М.Ғабдуллин ауылдық округінде ауданы 10 гектар, Бурабай ауданы Златополь ауылдық округінде ауданы 20 гектар жер учаскелері көзделген.

Органикалық қалдықтар мен қатты тұрмыстық қалдықтарды електен өткізіп, өңдеу үшін Көкшетау қаласында және Ақмола облысының екі ауданында жалпы қуаттылығы жылына 70 мың тонна болатын биогумус, техногрунт және RDF-отын дайындау компонентін ала отырып, климаттық камераларды (анаэробты биотермиялық ыдырау жолымен биокомпастирлеу) ұйымдастыру жоспарланып отыр. ПЭТ-түйіршікті ала отырып, қайталама шикізатты қайта өңдеуді Көкшетау қаласында жүзеге асыру жоспарлануда», - дейді «ECO DUMP» ЖШС директоры, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің ҮЕҰ-мен өзара іс-қимыл жөніндегі Қоғамдық кеңесінің мүшесі Мария Әбішева.

Қазіргі уақытта «ECO DUMP» ЖШС Көкшетау қаласының тұрғындарынан қатты тұрмыстық қалдықтарды шығарумен айналысады, сол мақсатта өз қаражатына 1000 еуроконтейнер сатып алған. Әрі қарай өңдеуге беру үшін бағалы компоненттерді алу арқылы сұрыптауға арналған қалдықтарды шығару, сондай-ақ көму Красный Яр ауылындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында жүргізіледі. Полигонға қоқыс көмуге 2024 жылдың 15 ақпанынан бері рұқсат берілген. Қоқыс шығаратын кәсіпорында 70 адам, полигонда 21 адам жұмыс істейді.

Бүгінде Ақмола облысында табиғи ресурстар басқармасының мәліметі бойынша 130 қоқыс полигоны бар. Оның ішінде тек 24 полигонда рұқсат құжаттары бар. Ақкөл, Аршалы, Бурабай, Егіндікөл, Зеренді, Қорғалжын, Целиноград аудандарында, сондай-ақ Біржан сал ауданында, Қосшы және Көкшетау қалаларында бірде-бір заңдастырылған полигон жоқ.

Қатты тұрмыстық қалдықтардың заңдастырылған полигондарының болмауы рұқсат етілмеген полигондардың пайда болуына әкеледі. Тек осы жылы өңірде 622 рұқсат етілмеген қалдықтарды орналастыру орны анықталды, оның 150-і жойылды.

Мария Әбішеваның сөзінше, қайта өңдеуге келмейтін коммуналдық қалдықтарды көміп тастай беру – ескірген технология.

«Қазақстан Республикасы Экологиялық Кодексінің талаптарында көрсетілген коммуналдық қалдықтарды басқару қағидаларын сақтау қажет. Кодекс талаптарына сәйкес қалдықтардың құнды компоненттерін көмуге тыйым салынған. Олар сұрыпталып, қайта өңделуі керек. Осыған байланысты, бүгінгі күні қатты тұрмыстық қалдықтарды жою үшін жаңа полигондар салу тиімсіз, ол ескірген технология болып саналады», - дейді Экология және табиғи ресурстар министрлігінің ҮЕҰ-мен өзара іс-қимыл жөніндегі Қоғамдық кеңесінің мүшесі Мария Әбішева. 

Қалдықтарды басқарудың тиімді жүйесін құру Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдаманың негізгі қағидаттарының бірі болып саналады. Бұл тұжырымдамаға сәйкес 2030 жылға қарай қалдықтарды қайта өңдеу үлесі 40%-ға, 2050 жылға қарай 50%-ға дейін жетуі тиіс. Бизнестің жол картасы-2025 сәйкес қалдықтарды жинау, қайта өңдеу, жою және кәдеге жарату саласы ел экономикасының басым секторларының тізбесіне кіреді. Осы көрсеткіштерге қол жеткізу үшін қоқысты сұрыптауды, сондай-ақ қоқысты қайта өңдеуді барлық жерде енгізу қажет.

Биыл премьер-министр тамақ қалдықтарын кәдеге жарату мен қайта өңдеу мәселелері де шешімін таппай отырғанын айтып, осыған байланысты қалдықтарды жинаудан бастап, қайта өңдеуге дейін кәдеге жаратудың тиісті тетіктерін әзірлеу қажет екенін айтып, құзырлы органдарға тапсырма берген.

«Халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, дамыған елдер тұрмыстық қалдықтарды қайтадан өңдеп, барынша кәдеге жаратуда. Ал бізде қарапайым сөзбен айтқанда, жиналған қоқысты жерге көме салу, тіпті болмаса таудай қылып үйіп қою үйреншікті жағдайға айналды. Бұл елді мекендердің көркін бұзумен қатар, ешқандай санитариялық, экологиялық нормаларға сай келмейді», — деген еді Олжас Бектенов.

Осыған байланысты Үкімет қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу бойынша жалпы қуаттылығы жылына 1,2 млн тоннадан асатын жаңа 37 зауыт салу және жұмыс істеп тұрған 8 зауытты жаңғырту жоспарланып отырғанын мәлімдеген. Бұл өңдеу көлемін жылына 1,4 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда 232 млрд теңгеден асатын 94 жоба іріктелді. Оларды іске асыру төсемтастарды, люктерді, қоқыс жәшіктерін, шыны ыдыстарды, стрейч пленкаларын және басқа да халық тұтынатын тауарлар шығаруды жолға қоюға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, қуаттылығы жылына 3 млн тоннадан асатын сұрыптау желілерін салу және жаңғырту бойынша өңірлер арқылы 21 жоба пысықталды. Жобаларды іске асыру сұрыптау желілерінің қуатын қазіргі 1,7 млн тоннадан 4,7 млн тоннаға дейін жеткізуге, сондай-ақ еліміздің барлық өңіріндегі қалалар мен ірі елді мекендерді қамтуға мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасы Экологиялық Кодексінің 365-бабының талаптарына сәйкес аудандардың, аудандық және облыстық маңызы бар қалалардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары коммуналдық қалдықтарды басқару жөніндегі объектілерді салуға және (немесе) орналастыруға жер учаскелерін бөлу арқылы коммуналдық қалдықтарды басқару саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады. Оның ішінде коммуналдық қалдықтарды басқару кезінде қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізуді қамтамасыз ету; органикалық коммуналдық қалдықтарды бөлек жинауды ынталандыру және оларды компостау жолымен қалпына келтіру бар.

«Қазақстан Республикасы экологиялық заңнамасының талаптарын орындау мақсатында Ақмола облысының әкімдігі жобаны мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде қаржыландыруды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Бұл жоба «Жасыл Даму» АҚ 70% көлемде Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы, сондай-ақ Ақмола облысының әкімдігімен мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде, 30% қаржыландыру көлемінде іске асырылатын болады. Қаржыландырудың жалпы сомасы 7,2 миллиард теңгені құрайды. Көкшетау қаласы, Бурабай және Зеренді аудандарының халық санының үлесі облыс халқының жалпы санының шамамен 38%-ын құрайды. Заманауи технологиялар арқылы жобаны іске асыру қоқысты қайта өңдеу үлесін жиынтық ұлғайтуға мүмкіндік береді және тиісінше қатты тұрмыстық қалдықтарды көмуді бүкіл облыс бойынша қысқартады. Сондай-ақ, жоба іске асқан соң 30-ға жуық адамға уақытша жұмыс орны, 191-ге жуық адамға тұрақты жұмыс орны құрылады», - деді спикер.

Кешендерді орналастыру орындарын таңдау осы аймақтың ерекше табиғи жағдайларымен байланысты болып отыр. Бұл өңір өзінің ерекше табиғатымен туристерді тамсандырып отыр. Еліміздегі танымал мәдени орындар мен көрікті мекендер осында орналасқан. Ақмола облысында экотуризмге қолайлы жағдай жасайтын суы мол айнадай көлдері, өзендері, кең орманды алқаптары, көркем ландшафтары бар.

«Аймақ жоғары туристік әлеуетке ие. Демалыс пен туризм үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталып, жайлап дамып келе жатқан инфрақұрылымға ие. Бурабай және Зеренді аудандарының демалыс орындары Қазақстан Республикасының барлық өңірінің, сондай-ақ жақын шетелдердің тұрғындары үшін өте танымал. Сондықтан антропогендік әсерден бірегей табиғи ортаны сақтау үшін қалдықтарды қауіпсіз өңдеу технологиялары сөзсіз қажет. Қоқысты рұқсат етілмеген жерлерге тастау табиғи ресурстардың, ең алдымен жер мен судың жалпы жағдайының нашарлауына әкеледі.

Аймақтағы қатты тұрмыстық қалдықтарды орналастырудың заңдастырылған орындарының аздығы, сондай-ақ тұтастай алғанда қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару жөніндегі инфроқұрылымның дамымауы туристік аймақтың әлеуетіне кері әсер етіп отыр. Қазіргі уақытта облыста бар 130 қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының 24-і ғана заңдастырылған. Облыстың бірқатар ауданында, оның ішінде Бурабай мен Зеренді аудандарында қалдықтарды орналастыруға рұқсат етілген орындардың болмауына байланысты барлық жерде стихиялық қоқыс үйінділері пайда болуда.

Осылайша, 2024 жылы ғарыштық мониторинг арқылы 535 рұқсат етілмеген полигон анықталды. Тәжірибе көрсеткендей, күзгі-көктемгі кезеңде облыс аумақтарын санитарлық тазарту жұмысы айтарлықтай нәтижеге жеткізбей отыр. Қоқыс одан азайып кеткен жоқ. Сондықтан коммуналдық қалдықтарды 100 пайыз сұрыптап, өңдеп, жаңа тиімді өнім шығаратын технологияларға негізделген кешендер құру өте маңызды болып отыр», - дейді Мария Әбішева.

Қазіргі уақытта Көкшетау қаласы мен Зеренді, Бурабай аудандарындағы қоқысты сұрыптау мен өңдеу кешендерінің жобалау-сметалық құжаттамасы, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберіндегі құжаттары дайындалуда, сонымен қатар инвестициялық келісімшарт шеңберінде жер учаскелері ресімделуде.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Джанет Микишевтің айтуынша, «ECO DUMP» ЖШС Щучинск-Бурабай курорттық аймағының аумағында қалдықтарды бөлек жинау бойынша пилоттық жобаға да белсенді қатысады.

«Ол үшін қосымша қаражат қажет. Жоспар бойынша 12 қоқыс таситын көлік (оның 10-ы электрлік болады), сондай-ақ екі самосвал мен қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға арналған 500 контейнер сатып алу қарастырылған», - деп толықтырды ол.

Ақмола облысындағы келесі кәсіпорын – Степногорск қаласынан «Шебер Спецмаш» ЖШС қатты тұрмыстық қалдықтарды тиімді шығару үшін техника алды, бұл қоқысты жинау және шығару бойынша қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Бұл жобалар аймақтағы экологиялық жағдайды жақсартуға ғана емес, сонымен қатар жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықтың қалдықтарды бөлек жинауына ықпал етеді.

Серіктес жаңалықтары