Мектеп оқушысы гидсіз саяхаттауға арналған мобильді қосымша жасады
Қосымша көрнекті жерлер туралы толық ақпарат ұсынады
Ақтөбе қаласындағы №51 гимназияның оқушысы Мират Сағынбаев қала тұрғындары мен қонақтарды көрнекі орындармен таныстыру мақсатында «Walking in Aktobe» атты мобильді қосымша жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл ерекше жоба «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында MIT App Inventor визуалды бағдарламалау платформасында әзірленген. Қосымша өңірдің көрнекті жерлері туралы толық ақпарат ұсынады және қала бойынша өз маршрутын жасауға мүмкіндік береді.
«Walking in Aktobe» қосымшасы туристерге гидсіз саяхаттауға мүмкіндік береді. Қолданушылар қала аумағындағы тарихи, мәдени және табиғи нысандарды оңай таба алады. Сонымен қатар қосымша арқылы туристер маршрут құрып қана қоймай, өңірдің бай тарихы мен мәдениеті туралы ақпарат ала алады. Автордың пікірінше, бұл жоба болашақта Қазақстандағы туризмнің дамуына ықпал етіп, облыстың экономикалық өсуіне оң әсерін тигізуі мүмкін», — делінген хабарламада.
Мират болашақта жобасын жетілдіріп, жаңа мүмкіндіктер қосуды жоспарлап отыр. «Walking in Aktobe» қосымшасы жақын арада өздігінен саяхаттайтын туристер үшін танымал құралға айналмақ. Қолданушылар оны Play Market және App Store-дан тегін жүктей алады.