$ 514.65  544.6  5.17
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«AMANAT» партиясының «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы жалғасуда

Бұл акция қоршаған ортаны сақтап, әлеуметтік мәдениетті қалыптастыруға шақырады

«AMANAT» партиясының «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы жалғасуда
Фото: AMANAT партиясының баспасөз қызметі

«AMANAT» партиясы Қазақстанның барлық аймағында кезекті «Таза бейсенбі» экологиялық акциясын өткізді. Бұл акция жаңа экологиялық сана қалыптастырып, азаматтардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруды көздейді. Іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қызылорда облысы Арал қаласының Теміржол аллеясы аумағында аудандық мәслихат депутаттары, партия қызметкерлері, бастауыш партия ұйымдардың белсенді мүшелері  және жастардың қатысуымен тазалық жұмыстары жүргізілді. Қоршаған ортаны жақсарту мәселесіне басымдық берген аманаттықтар аумақтағы қоқыстарды жинап, ағаштар түбін ақтады. Жүргізілген тазалық жұмыстары барысында жиылған қоқыстар жүк көліне тиеліп, қоқыс орнына жөнелтілді.

«Тұрған жеріміздің тазалығына, келбетінің көркеюіне атсалысу – әрбір тұрғынның міндеті.Тазалық ұғымы қоқыстарды жинаған жерде емес, шашпаған жерде қалыптасады. Сондықтан әр адам керексіз затты тастар алдында ойлану керек. Қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау әрбірімізге сын. Сондықтан  барлық аудан тұрғындарын тазалықты сақтауға шақырамын»,- деді партияның аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Талғат Қанатов.

Игі іс Өскемен қаласында жалғасын тапты. Партия мүшелері  Ертіс жағалауындағы «Желтоқсан алауы» монументінің айналасын қосқыстан тазартты. Сонымен қатар есірткі жарнамалаған жазбаларды өшіріп, ақтап-әрлеу жұмыстарын жүргізді. Іс-шараға қатысқан «AMANAT» партиясы ШҚО филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Аманбай Нуркенов мұндай акция тарихқа құрмет көрсетуге де ықпал ететінін айтты.

«Егемендікке қол жеткізу жолында құрбан болған желтоқсаншыларға құрмет көрсетіп, олардың ерлігін еске алу — біздің міндетіміз. Мұндай эко акциялар тек қоқысты жинаумен шектелмейді, бұл біздің тарихымызды құрметтеу мен оны болашақ ұрпаққа жеткізуге арналған әрекет», – деді ол.

Сондай-ақ Абай облысы Бородулиха ауданында өткен тазалық жұмыстарына 50-ден астам азамат қатысты. «Достық» демалыс саябағы және жаңадан бой көтеріп жатқан мешіттің аумағы тазаланып, 1 тоннаға жуық қоқыс шығарылды.

Ал Шымкент қаласы  Қаратау ауданының Тұран шағын ауданында өткен тазалық жұмыстарына 100-ден астам азамат атсалысты. Акция шеңберінде елдімекеннің аумағында шашылған қоқыстар жиналып, қураған шөптер мен ағаштардан тазартылды.

«Тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруда іс-шаралардың маңызы зор. Біз осы акция жарияланған күннен бастап әр бейсенбі сайын ауданымызды тұрақты түрде абаттандыру, қоқыстан тазарту жұмыстарын ұйымдастырудамыз.  Әрбір азамат қоршаған ортаны қорғауға жауапты екенін ұмытпау қажет», - деді қалалық мәслихат депутаты Қайрат Имашев.

Бұдан бөлек тазалық жұмыстары Түркістан облысы Келес ауданының Абай ауылы аумағында орналасқан «Ауған соғысы ардагергелері аллеясы» маңында өтті. Акция барысында қатысушылар аумақты тазалап қана қоймай, аудан тұрғындарына экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығын түсіндірді.

«Қаламызда экологиялық мәдениетті қалыптастыру және тұрғындардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында тазалық шаралары күнделікті ұйымдастырылуда. Ауламызды, ауданымызды, өлкемізді таза ұстауымыз қажет. Өзімізбен бірге жастарды да тазалыққа баулудамыз», - деді Келес аудандық мәслихатындағы партиялық фракция жетекшісі Нұрхан Мережепов.

Манаш Қозыбаев атындағы СҚУ студенттері де «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы аясында өтіп жатқан «Таза бейсенбі» акциясына үн қосып, аллея және жатақхана маңын күл-қоқыстан тазартты.

Ұйымдастырушылардың сөзіне қарағанда, мұндай іс-шаралар арқылы студенттер арасында достық қарым-қатынас нығая түседі. Сонымен қатар аталған науқан қоршаған ортаны сақтап, әлеуметтік мәдениетті қалыптастыруға шақырады.

«Біздің міндетіміз - университетімізге қамқорлық жасау. «Таза бейсенбі» акциясына әр азамат қатыса алады. Қаламызды таза ұстап, аялайық. Әр жерге қоқыс лақтырмай, оның таза болуына ат салысайық», - деді «AMANAT» партиясының «Болашақ» филиалының атқарушы хатшысы Александр Зель.

Айта кетейік, партия мүшелері акция аясында еліміз бойынша 10 мың тоннадан астам қоқыс жинады. Игі іс еліміздің барлық өңірінде экологиялық ахуалды жақсарту, тұрғындарды қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға шақыру мақсатында тұрақты түрде өткізіліп келеді.

Серіктес жаңалықтары