Оралда жатақханада жылу құбыры жарылып, тұрғындар қара суықта жылусыз қалды
Тоңған тұрғындар қайда барып паналарын білмей отыр
Оралдағы жатақханада жылу құбыры жарылып, тұрғындар қара суықта жылусыз қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Астана арнасына сілтеме жасап.
Үй иелерінің айтуынша, ғимарат шатырындағы жылу құбырының әбден тозығы жеткен. Шіріген құбыр жылу берілгенде қатты қысымға шыдамай, жарылып кетіпті. Осы кезде үйде болған төрт бала бір ажалдан аман қалды. Төбеден аққан ыстық судан қалай құтыларын білмей шошыған балаларды ата-анасы әрең құтқарған. Құбырдың суы 9-қабаттан 6-қабатқа дейінгі пәтерлерді бүлдірген. Үйдегі тұрмыстық техника түгел жарамсыз, дейді тұрғындар.
«Дәлізде ыстық су ағып жатқаннан кейін бірін бірі құшақтап тұрған. Жолдасым артынша келіп, үшеуін шығарған кезде натяжнойда үйіліп тұрған су жарылып кетті. Қайта балаларымызды уақытылы шығарып үлгірдік», - деді қала тұрғыны Ұлболсын Омарова.
Қазір жатақхана жылу мен электр қуатынан ажыратылған. Тоңған тұрғындар қайда барып паналарын білмей отыр. Ал пәтер иелері кооперативінің төрағасы жұмыс орнынан табылмады.